Ағымдағы жылы Қазақстанда алғаш рет Паркинсон ауруына ота жасала бастайды

28.01.2013

2013 жылы Қазақстанда паркинсон ауруына алғашқы хирургиялық оталар жасала бастайды.

Бұл туралы бүгін Астанада Республикалық нейрохирургиялық ғылыми орталығының дамыту бойынша директоры, нейрохирург Шыңғыс Шашкин мәлім етті.

«Бүгін біз нейрохирургия саласының жаңа, әлеуетті және жоғары сұранысқа ие функционалдық нейрохирургияны өз орталығымызда енгізудеміз. Бұл Қазақстан тәжірибесінде алғаш рет қолданылғалы жатқан сала. Ол Паркинсон, эссенциалдық тремор, талма аурулары сынды жүйке жүйесінің функционалдық ауытқуларын хирургиялық тәсілмен емдеуге негізделген», - деді Ш.Шашкин функционалдық нейрохирургия саласына арналған жиында.  
Оның айтуынша, келесі жылдан бастап орталықта Паркинсонның түрлі деңгейдегі ауруларына 25-ке жуық ота жасалады деп күтілуде. Бүгінгі таңда ел медицинасына аталмыш жаңа технологияны сәтті енгізу үшін көмекке шетелдің бірқатар мамандарын Қазақстанға тарту жөніндегі келіссөздер жүргізілген. Сонымен қатар клиникада АҚШ, Германия, Ұлыбритания және Ресей елдерінде білімдерін шыңдап келген осынау күрделі жүйке жүйесінің отасын жасауға қабілетті бірнеше маман бар. Ең алғашқы отаны 2013 жылдың мамыр айында өткізу жоспарланған. 

«Биыл біз Паркинсон, эссенциалдық тремор және дистония дерттерін емдеудің жаңа тәсілдерін енгізбекпіз. Ол мидің терең қабаттарына әсер ету арқылы аурудың белгілерін жоюға бағытталған. Бұл операциялардың эффектісі аса жоғары. Аталмыш тәсіл аурудың бастапқы кезеңінде ауыздықтап, пациентті қоғамдық ортаға қайта қосуға мүмкіндік береді», - деп атап өтті дәрігер.

Бас маманның айтуынша, осындай отаны шетелдік клиникаларда жасату үшін кем дегенде 60-70 мың еуро жұмсауға тура келеді. Егер аталмыш технология кең өріс тауып жатса, өз азаматтарымыз мемлекеттік квотаның негізінде тегін емделе алады.

Ш.Шашкиннің сөзіне қарағанда, қазіргі уақытта елімізде 16 мыңнан астам Паркинсон ауруына шалдыққан адам бар.

«Бұл заманауи тәсіл Астанада сәтті енгізілгеннен кейін, Алматы, Қарағанды және Шымкент қалаларындағы отандық орталықтармен тәжірибе бөлісу арқылы технологияны аймақтарға тарату көзделуде», - деп түйді сөзін Ш.Шашкин.

Aқпарат inform.kz сайттынан алынды