Алматы декларациясының 35 жылдығына арналған халықаралық конференция өтеді

07.11.2013

2013 жылғы 6-7 қарашада Алматы қаласында Медициналық-санитариялық алғашқы көмек (МСАК) жөніндегі Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы/Біріккен ұлттар ұйымы Балалар қорының (ЮНИСЕФ) Алматы декларациясының 35 жылдығына арналған халықаралық конференция өтеді.

Алқалы жиынға әлемнің 60-тан астам мемлекетінен мамандар келеді деп жоспарланып отыр. Бұл 1978 жылы қабылданған Алматы декларациясының рөлі мен маңызы уақыт өткен сайын артып келе жатқанын көрсетеді.

Осыдан 35 жыл бұрын алғаш рет әлемнің 134 мемлекеті Алматы декларациясын қабылдап, МСАК дамытуға басымдық беріп, бүкіл әлемнің денсаулық сақтау жүйесі үшін басты бағыт етіп айқындады. Тұңғыш рет МСАК басты қағидалары мен даму элементтері анықталды.

Дәл сол кезеңде «денсаулыққа құқық - адамның ажырамас құқығы» деген түсінік қалыптасты. Алматыда осы қағида тұжырымдалып, «Әр адам өмір сүруге, әділеттілікке және т.б. сияқты денсаулығын қорғауға құқылы» екені жарияланды. 1978 жылғы Декларацияда тұжырымдалған МСАК философиясы халық денсаулығын сақтау саласында бірегей стратегия әзірлеуде алғашқы халықаралық әрекет болды. «2000 жылға қарай денсаулық барлығы үшін» қағидасын жариялаған Алматы декларациясын Бүкіләлемдік денсаулық сақтау хартиясы деп атады.

Осы жылдар ішінде әлемнің көптеген елдері өз ұлттық жоспарларын Алматы декларациясына сәйкестендірді. Дамыған елдер Алматы декларациясының қағидалары мен МСАК дамытуға бағытталған негізгі ресурстарды қарастыратын өздерінің стратегияларын іске асыру технологияларын әзірледі. Медициналық қызметке құқықтың 80% алғашқы көмек деңгейінде іске асырылады.

МСАК ұлттық денсаулық сақтау жүйесінің ажырамас бөлігі боп табылады және оның орталық буыны ретінде басты функциясын іске асырады.

Алматы декларациясына сәйкес МСАК дамытудың басты қағидалары: медициналық қызметтердің қолжетімділігін қамтамасыз ету, тығыз интеграция, ведомствоаралық бағыт, ана мен бала денсаулығының басымдылығы және т.б.

Алматы конференциясының қағидалары әлі күнге дейін әлемнің көптеген елдері үшін іс-қимыл бағдарламасы болып отыр.

Мақсатына жету үшін МСАК дамуы барысында келесі элементтерді қамтуы тиіс: кеңінен тараған патологиялық ахуалдар мен олардың алдын алу әдістері туралы халықты ақпараттандыру деңгейін көтеру; ана мен бала денсаулығын қорғау, оның ішінде отбасын жоспарлау; негізгі инфекциялық ауруларға қарсы иммундау; таралған аурулар мен жарақаттанушылықты тиісті емдеу; тиімді тамақтануды қамтамасыз ету; негізгі дәрілік препараттармен қамтамасыз ету и т.б.

35 жыл бұрын ұсынылған МСАК тұжырымдамасы алғашқы көмектің қолжетімділігіне қатысты әділеттілікті қамтамасыз етуге және барлық елдерде бар ресурстарды пайдаланудың тиімділігін арттыруға мүмкіндік берді. Адамгершілік, адами құндылықтарға негізделген Алматы декларациясының идеялары әлі күнге дейін жасап келеді.

Қазақстан Алматы декларациясын ұстана отырып, МСАК дамытуға ерекше көңіл бөліп, оның қағидаларын дәйекті түрде іске асырып келеді. Еліміз үшін МСАК жетілдіру - денсаулық сақтау саласын дамытудың басты бағыттарының бірі.

«Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы Алматы декларациясының басты қағидаларына үндес келеді.

«Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру шеңберінде қаражатты тиімді пайдалану жұмыстары жалғасуда, Емдеуге жатқызу порталы бюросы құрылды, стационарлық көмек оңтайландырылып, әлемдік талаптарға сай келетін жаңа емдеу хаттамалары қабылдануда. Келесі жылдан бастап МСАК ұйымдастыруда бірқатар өзгерістер болып, соңғы жылдар ішінде стационарлық көмекті жетілдіруде атқарылған барлық тәжірибе енді осы сала қызметін жақсартуға пайдаланылады.

Бүкіләлемдік денсаулық сақтау хартиясының 35 жылдығына арналған конференцияда әлем елдерінің денсаулық сақтау саласының өкілдері тағы Алматыда бас қосып, негізгі қағидаларын еске салады, олардың қалай жүзеге асырылып жатқанын саралап, жаңа инновациялық бағыттар, мейіргерлер әлеуетін күшейту, адам денсаулығына әсер ететін өзге секторларды тарту, ақпараттық технологияларды енгізу және саланы компьютерлендіру арқылы дамуды қамтамасыз етуі жайын талқылайды. Халықаралық конференцияда талқылауға шығарылатын басты тақырыптар Қазақстанның денсаулық сақтау саласы үшін де өзекті болып отыр.

Денсаулық сақтау саласындағы үздік әлемдік тәжірибелерді таныстыру және талқылау Қазақстанда МСАК саласын реформалау және дамыту бағытында қабылданып жатқан іс-шаралардың дұрыстығын тексеріп алуға мүмкіндік береді.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының МСАК жөніндегі Жағрапиялық алыстағы кеңсесінің ашылуы бүкіл еліміз және медициналық қоғамдастық үшін тағы бір маңызды оқиға болады. ДДСҰ Атқарушы комитетінің шешімімен және ҚР Үкіметінің қолдауымен аталған кеңсе 2014 жылы Алматы Декларациясының Отаны – Алматы қаласында ашылады. МСАК жөніндегі ДДСҰ кеңсесі ғаламдық деңгейде, әлемнің 54 мемлекеті мүше - ДДСҰ Еуропалық өңірлік бюросы үшін денсаулық сақтау саласының алғашқы буынында инновацияларды дамытуда жетекші рөл ойнайтын болады. Мұндай кеңсе ашу Еуропа өңірі елдерінде енгізілетін озық технологияларды қолдауға, елдің денсаулық сақтау саласының зияткерлік әлеуетін қалыптастыруға және МСАК бойынша үздік әлемдік тәжірибелерді Қазақстанда бейімдеуге жол ашады.

Бірлескен жұмыс нәтижесі халыққа, әсіресе ауыл тұрғындарына денсаулық сақтаудың алғашқы буынының қолжетімділігі мен сапасын арттыруға, профилактикалық бағдарламалардың тиімділігін көтеруге, инфекциялық емес ауруларды туындататын тәуекел факторларымен күресті күшейтуге бағыттылады.

Конференцияның қарары әлі де іс-қимыл бағдарламасы болып қалуда. Жиында талқыланып, мақұлданған шешімдер «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын 2014-2015 жылдары іске асыру барысында жоспарланып отырған МСАК реформаларына негіз болады.

Халықаралық конференция шеңберінде МСАК жөніндегі Алматы декларациясының 35 жылдығына арналған мемориалдық тақта ашу, С.Д.Асфендияров атындағы Қазақ мемлекеттік медициналық университетінің Симуляциялық орталығына бару, болашақ дәрігерлер-университет студенттерімен кездесу, бірқатар емханаларды аралу сияқты іс-шаралар жоспарланып отыр.

Aқпарат mz.gov.kz сайттынан алынды