Алматыда ҚР ДСӘД вице-министрі Алексей Цойдың медициналық және фармацевтикалық қауымдастықпен кездесуі өтті

12.01.2015

Алматыда ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму вице-министрі Алексей Цойдың медициналық және фармацевтикалық қауымдастықпен кездесуі өтті

2015 жылғы 8 қаңтарда Дәрілік заттарды, медициналық мақсаттағы бұйымдарды және медицина техникасын сараптау ұлттық орталығында вице-министр Алексей Владимирович Цойдың Алматы қ. бойынша Медициналық және фармацевтикалық қызметті бақылауДепартаментінің, Алматы қ. Денсаулық сақтау Департаментінің, республикалық ғылыми-зерттеу институттары мен орталықтарының, фармацевтикалық қауымдастықтардың басшыларымен кездесуі өтті.

Кездесу өткізу барысында «Дәрілік заттарды, медициналық мақсаттағы бұйымдарды және медицина техникасын сараптау ұлттық орталығы» ШЖҚ РМК ұжымына жаңа басшы таныстырылды. Бұл лауазымға бұрын ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму  вице-министрі қызметін атқарған Серікбол Рахымқанұлы МУСИНОВ тағайындалды.

Серікбол Рахымқанұлы өз кәсіби қызметінде тәжірибелік дәрігерден бастап, Денсаулық сақтау министрлігінің ең жауапты басшылық лауазымдарына дейінгі барлық отандық денсаулық сақтау сатыларынан өтті.

Серікбол Рахымқанұлы фармацевтикалық саладағы ауқымды жұмыс тәжірибесіне және үздік ұйымдастырушылық қабілеттерге ие болып қана қоймай, ұжыммен жұмыс істей білу, бүгінгі күннің өзекті мәселелерін және оларды шешу жолдарын қырағы көру, кәсіпорын алдына қойылатын стратегиялық міндеттерді белгілеу және олардың орындалуына қажетті нәтижелерге қол жеткізудің қыр-сырын шебер меңгерген.

Қоғамдық ұйымдардың өкілдері Серікбол Рахымқанұлын тағайындалуымен жылы шырайда құттықтап, емделушілерді сапалы емдеудің негізі болып табылатын дәрілік заттардың, медициналық мақсаттағы бұйымдардың және медицина техникасының сапасы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету саласына жоғары мамандандырылған кәсіби шеберлерді тарту маңыздылығын атап өтті. 

 «Қазақстан ФармМедИндустрия» қауымдастығының президенті Серік СҰЛТАНОВ  Серікбол Мусиновтың фармацевтикалық салада жаңа адам емес екенін, 2002-2003 жылдарда Фармацевтикалық Комитеттің ұйымдастырылуына белсенді атсалысқанын, республика фармацевтикалық саласының нормативтік құқықтық базасын қалыптастыруға елеулі үлес қосқанын атап өтті.

Сәлемдесу сөзінде С. Мусинов нақ осы саланың алдына ел басшылығының күрделі нысаналы міндеттер қойып отырғанын атап өтіп, фармацевтикалық қауым өкілдерін оларды жүзеге асыру жолында күш біріктіруге шақырды.

2014 жылдың 29 мамырында Астанада Беларусь, Қазақстан және Ресей Президенттері Еуразиялық экономикалық одақ туралы Шартқа қол қойды. Осыған орай, 40-тан астам нормативтік құқықтық актілерді даярлау міндеті тұр, әрі олардың тізбесі Еуразиялық экономикалық одақтың өз қызметін тиімділікпен және өзара ұтымдылықпен атқаруы үшін заңнамалық тұрғыда шешілуі қажет жаңа сауалдар туындағандықтан осымен шектелмейді.

Сондықтан да алда  – ауқымды да күрделі жұмыстар легі тұр, өйткені, міне, 2016 жылдың қаңтарынан бастап ЕАЭО аясында дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың жалпы нарығы іске қосылады.

2014 жылғы 23 желтоқсанда Дәрілік заттар және медициналық бұйымдар айналымы туралы Келісімге қол қойылды. Бұлар - Еуразиялық экономикалық одақ жөніндегі Шарт аясында қол қойылған тұңғыш салалық Келісімдер.

Осы Келісімдерді жүзеге асыру барысында, сондай-ақ Қазақстанның ДСҰ-на өтуі аясында құқықтық базаны жетілдіру міндеті тұр. Осы тұрғыда фармацевтикалық және медициналық қауымдастық өкілдері де, отандық өндірушілер де, дистрибьюторлар да жұмыстануы тиіс. 

2015 жылдың басында ҚР «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Кодексіне өзгертулер мен толықтырулар енгізу жоспарланады. Осы өзгерістердің 60%-ға жуығы фармацевтикалық салаға қатысты. 30-дан астам заң аясындағы актілерге ең қысқа мерзімдерде өзгерістер енгізу күтілуде.

Сонымен бірге, Серикбол Рахымқанұлы бүкіл дүниежүзінде фальсификацияланған өнімді анықтаудың өзекті мәселе күйінде қалғанын атап өтті. Сондықтан да, 2011-2015 жылдары Мемлекеттік «Саламатты Қазақстан» денсаулық сақтауды дамыту бағдарламасына сәйкес республика нарығында фальсификацияланған дәрілік заттарды экспресс-әдіспен анықтауға арналған екі жылжымалы экспресс-зертханаға қол жеткізілді. Қазіргі таңда Ұлттық орталықта дәрілік заттардың 1 053 аталымын қамтитын жиынтық кітапхана жасақталды, алайда бұл жылжымалы экспресс-зертханалардың тиімді жұмыс істеуі үшін жеткіліксіз. Қиындығы сонда, нарыққа қатысатын барлық дәрілік заттарға жиынтықтар кітапханасын жасау қажет. Ұлттық орталықта жиынтықтар кітапханасын жасау мақсатында дәрілік препараттардың үлгілерін ұсыну үшін өндірушілер мен дистрибьюторлардың көмегі қажет, бұл фальсификацияланған өнімді әкелу мүмкіндігіне жол бермеуге мүмкіндік береді.

Сапарының барысында вице-министр Алексей Цой «Дәрілік заттарды, медициналық мақсаттағы бұйымдарды және медицина техникасын сараптау ұлттық орталығы» ШЖҚ РМК құзырына қарасты Сынақ орталығында, сонымен қатар оңтүстік астананың ғылыми-зерттеу орталықтары мен медициналық ұйымдарында болды.