Астанада денсаулық сақтау саласы қызметкерлері жетістіктерінің кәсіби көрмесі ашылды

13.12.2012

Бүгін Астанадағы «Назарбаев орталығында» Мемлекеттік «Саламатты Қазақстан» бағдарламасын жүзеге асыру мен денсаулық сақтау саласы қызметкерлері жетістіктерінің кәсіби көрмесі өтті.

Іс-шара ҚР денсаулық сақтау саласын дамытудың 2011-2015 жылдарға арналған «Саламатты Қазақстан» Мемлекеттік бағдарламасының басты міндеттері шеңберінде ұйымдастырылды.

Астана қаласы Денсаулық сақтау басқармасы бастығының орынбасары Сәуле Құрманова, көрме жастар арасында медицина кәсібін кеңінен таныстыру, елдегі медицина деңгейі туралы қоғамдық оң пікірді қалыптастыру, әр азаматтың өз денсаулығына деген мұқият жауапкершілікті арттыруды көздейтінін ерекше атап өтті.

«Астанада 9 емхана, 14 аурухана, 2 клиникалық оқыту орталығы, сонымен қатар Салауатты өмір салтын сақтау орталығы мен дәріханалар, тіс емханалары барлығы 33 медициналық мекеме бар. Бірегей озық технологиялармен жабдықталған жаңа клиникалардың арқасында бүгінде Астана қаласының медициналық қызмет көрсету деңгейі биікке көтерілді. Біздің азаматтар шет мемлекеттерге шықпай-ақ, барлық ем түрлерін Қазақстанда да ала алады», - деді С.Құрманова.

Біртұтас ақпараттық әрі көрмелік кеңістіктің бірегей форматы келушілер назарына отандық медицина саласының жетістіктері және соңғы жаңалықтарымен танысуға жол ашады. Көрме барысында медицина қызметкерлері өз мекемелерінің қызметі туралы консультация беріп отырды. Келушілер фото- және бейнематериалдар арқылы да қолжетімді заманауи медицина қызметі туралы барынша толық ақпар алуға мүмкіндік алды.

Шараны ҚР Денсаулық сақтау министрлігі мен Астана қаласы Денсаулық сақтау басқармасының қолдауымен, Қазақстанның Азаматтық Альянсы ұйымдастырды.

Aқпарат inform.kz сайттынан алынды