Дәлелді медицина және дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етудің өзекті мәселелері

05.03.2013

Бүгінгі таңда әлемде дәлелді медицинаның концепциясы медицина тәжірибесінің, денсаулық сақтауды басқарудың және медициналық білім берудің негізгі әдісі ретінде мойындалған. Аурудың алдын-алу, диагностика жасау, емдеу және денсаулықты қалпына келтіру сияқты қолжетімді әдістердің көбеюіне байланысты денсаулық сақтау саласына медициналық дәлелдеуді енгізу қатаң түрде талап етілуде. Қазіргі таңда Қазақстанда Дәлелді медицина орталығы мен Дәрілік ақпараттық орталықтар жұмыс істеуде. Олардың негізгі мақсаты – медицина мамандарына дәлелді медицинаның қағидаттарын үйрету, дәрі-дәрмек жөнінде ақпарат беру және оларды дұрыс пайдаланудың нұсқауын беру болып табылады.

Ақпан айының 21-22 жұлдыздарында Қарағанды мемлекеттік медицина университеті мен Денсаулық сақтауды дамыту республикалық орталығының ұйымдастыруымен «Дәлелді медицина және дәрімен қамтамасыз етудің өзекті мәселелері» тақырыбында халықаралық мамандардың қатысуымен республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Конференция негізінен медицинадағы дәлелді әдістемесін медициналық білім беру және денсаулық сақтау саласына енгізу мақсатында тәжірибе алмасуға, денсаулық сақтау ұйымдарының дәрімен қамтылуына шынайы баға беріп, осы мәселеге қатысты ұсыныстарды әзірлеуге, сонымен бірге Қазақстан Республикасының дәрі-дәрмек нарығын жетілдірудің жолдарын анықтап, денсаулық сақтау тәжірибесіндегі клиникалық фармаколог дәрігерінің ролі мен алатын орны секілді бірқатар мәселелердің басын ашып, пікір алмасуға бағытталған.

Конференцияға шетелден арнайы шақырылған алдыңғы қатарлы ғалымдар мен медициналық PhD бағдарламалармен жұмыс істейтін серіктестер қатысты. Атап өтсек, MD, PhD, фармакология профессоры, PhD бағдарламасының директоры, Хорватиядағы Загреб медицина мектебінен Здравко ЛАКОВИЧ; MD, PhD, Грузиядағы Давид Твилдиани атындағы Университеттің медицина мектебінің деканы Серго ТАБАГАРИ; MD, PhD, Швециядағы Оребро Университетінің ғылым және технология мектебінен Николай ЩЕРБАК; Назарбаев Университетінің өмір жөніндегі ғылыми Орталығының ғылыми, инновациялық және академиялық мәселелер жөніндегі бас директорының орынбасары Филлип Ля ФЛЕР; сонымен қатар, алдыңғы қатарлы отандық ғалымдар: м.ғ.д., профессор, Астана медициналық университетінің өкілі Т.З. СЕЙСЕНБЕКОВ; м.ғ.д., профессор, ҚММУ Патологиялық анатомия және сот медицинасы кафедрасының меңгерушісі М.М. ТУСУПБЕКОВА, м.ғ.д., профессор, ҚР ДСМ Денсаулық сақтауды дамыту республикалық орталығының бас директорының орынбасары Н.М. ИСАТАЕВА; ҚР ҰҒА академигі, м.ғ.д., профессор, ҚР ДСМ «Дәрілік заттарды, медициналық мақсаттағы бұйымдарды және медицина техникасын сараптау ұлттық орталығының» фармакологиялық қадағалау тобының басшысы Р.С. КУЗДЕНБАЕВА; м.ғ.д., профессор, Назарбаев Университетінің өмір жөніндегі ғылыми Орталығының алдыңғы қатарлы ғылыми қызметкері А.Е. ГУЛЯЕВ; сонымен бірге ҚР медициналық ЖОО-ның профессор-оқытушы құрамы, дәрігерлер, резиденттер, докторанттар, магистранттар, интерндер қатысты.

Мәжілістің барысында 11 баяндама оқылды. Баяндамаларда республикамыздағы және әлемдегі дәлелді медицинаның өзекті мәселелері, медициналық технологияға келешекте халықаралық баға беру, Қазақстан Республикасын дәрілік заттармен тиімді әрі қауіпсіз түрде қамтамасыз ету, дәрі-дәрмекпен тиімді қамтамасыз етудің және медициналық қызметтің сапалылығы дәлелді медицинасын қолдану мүмкіндігінің негізі болып табылатындығы жайлы, еліміздегі диагностика жасау мен емдеуде қолданылатын клиникалық хаттамаларды жетілдіру, ішкі аурулар клиникасында қауіпті ауруларды емдеуде дәлелді әдістерді қолдану тақырыптары қамтылды.

Конференция жұмысында ДҚСҰО-ның фармакологиялық қадағалау тобының басшысы Р.С. Кузденбаева өзінің «Дәрілік заттарды пайдаланудың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жүйесі» атты баяндамасын оқыды. Сонымен қатар ол мәжілістің «Денсаулық сақтау ұйымының формуляр жүйесі және дәрімен қамтамасыз етудің дамуы мен өзекті мәселелері» деген тақырыптағы 3 секциясының модераторы болды.

«Халыққа медициналық көмек көрсету үшін мемлекет көптеген іс-шараларды атқарып келеді. Дәрілік заттармен қамтамасыз ету  және дәрімен сапалы емдеу – денсаулық сақтаудың маңызды факторы болып табылады. Олар емделушінің денсаулығын сақтап қалудың шешуші ролін атқаратын кездері жиі ұшырайды. Қазақстан экономикасының тұрақты түрде дамуы ем алушылар тобының кеңейіп, олардың дер кезінде дәрімен қамтамасыз етілуіне аса мән берілуіне септігін тигізуде. Бұл шаралар отандық фармацевтика саласының қарқынды дамуына алып келді. Алайда, осыған дейін қойылған міндеттер мен алдағы жоспарлар қатаң бақылауды талап ететінін ескерген жөн», – деді Р.С. Кузденбаева.

2 күн бойы жүргізілген конференцияның нәтижесінде резолюция жетілдіріліп, қатысушылардың бірауыздан қолдауын тауып, Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігінің қарауына ұсынылды.

Аталмыш конференцияның аясында «Философия ғылымының докторларын (PhD) даярлаудың Қазақстандық және Еуропалық үлгілерін үйлестіру жолдары» атты дөңгелек үстел ұйымдастырылды. Оған жоғарыда аталған PhD бағдарламалары бойынша шетелдік профессорлар, Қазақстан Республикасының медициналық ЖОО-ның PhD докторанттары, профессор-оқытушы құрамдары қатысты. Бұл жиында республикамызда PhD докторларын даярлаудың алдағы уақытта дамуы және осы бағыттағы халықаралық қызметтестіктің болашағы деген мәселелер де сырт қалмады.

Отандық фармацевтика саласының қарқынды дамуына байланысты шешімін таппай жүрген мәселелер осындай жиындардың көмегімен біршама шешімдерін табар деген үміттеміз.

"Фармация Казахстана" журналы