Дәрілік заттарды сараптау ұлттық орталығы Есеп комитетінің аудит қорытындыларына түсініктеме берді

13.06.2022

 

13 маусымда жарияланған Есеп комитетінің 2019 жылдың 1 қаңтарынан  бастап 2021 жылдың 31 желтоқсаны аралығына Медицина кадрларын даярлауға, денсаулық сақтау саласындағы қолданбалы ғылыми зерттеулерге бөлінген бюджет қаражатын және Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігіне ведомстволық бағынысты медициналық білім беру ұйымдарының активтерін, сондай-ақ «Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сараптау ұлттық орталығы» ШЖҚ РМК активтері пайдалану тиімділігінің мемлекеттік аудит қорытындылары бойынша есебіне байланысты Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сараптау ұлттық орталығы берілген ескертулер бойынша түсініктеме берді.

«ДЗСҰО пысықталмаған және жұмыс істемейтін бағдарламалық қамтылымды сатып алуға сомасы 726,3 млн. теңге қаражат жұмсаған, ол өндірістік қызметте пайдаланылмайды және есептен шығаруға көзделген» тармағы бойынша бағдарламалық жасақтама Ұлттық оратлықпен 2016-2018 жылдар кезеңінде өз қаражатына жеке сатып алынғанын түсіндіреміз. Осы мақсаттар үшін Кәсіпорын бюджет қаражатын пайдаланбағанын атап өткен жөн. Сонымен қатар, 2019 жылы Кәсіпорынмен бағдарламалық жасақтаманың жұмыс істемеуі жеке анықталып, нәтижесінде ДЗСҰО осы фактіні тексеруді бастап, барлық материалдарды одан әрі тексеріп-тергеу үшін құқық қорғау органдарына жіберді.

«ДЗМСҰО-ның дәрілік заттардың – аналогтарының (генериктер) шекті бағаларының мөлшерін нағыз дәрілік заттардың бағасынан асырып бекітуі фактілері орын алған» тармағына қатысты ДЗСҰО дәрілік заттарға шекті бағаларды қалыптастыру ҚР Денсаулық сақтау министрінің 2020 жылғы 11 желтоқсандағы № ҚР ДСМ-247/2020 бұйрығымен бекітілген ТМККК шеңберінде және (немесе) МӘМС жүйесінде дәрілік заттарға, сондай – ақ медициналық бұйымдарға шекті бағаларды және үстеме бағаларды реттеу, қалыптастыру қағидаларына сәйкес жүзеге асырылатынын хабарлайды.

Қағидаларға сәйкес дәрі-дәрмектерге шекті бағалар растайтын құжаттар (келісімшарттар, инвойстар, шот-фактура және т. б.) негізінде, атап айтқанда референттік елдердегі бағалармен салыстыруды ескере отырып, өндіруші зауыттың бағалары, ілеспе шығыстар (кедендік, көліктік, маркетингтік шығыстар, сапаны бағалауға арналған шығыстар) регресивті шкала бойынша үстеме бағаны ескере отырып қалыптастырылады.

Дәрі-дәрмектерге шекті бағаларды қалыптастыру кезінде бірегей препараттарды генериктермен салыстыру патенттік қорғау қолданысы аяқталғанға дейін 3 жыл бұрын түпнұсқалық дәрілік заттарға шекті бағалар белгіленген жағдайда ғана жүзеге асырылады. Осы норманы ескере отырып, осы критерийлер кезінде генерикалық дәрі-дәрмектер бастапқы препараттармен салыстырылады, содан кейін  шекті бағалар қалыптастырылады.

Генериктердің шекті бағалары түпнұсқалық дәрілік препараттардан жоғары болуы мүмкін екенін атап өту қажет, себебі ,генериктерді өндіруге арналған шығындар патенттік қорғау аяқталғаннан кейін түпнұсқалық препараттарды өндіруге арналған шығындардан асып кетуі мүмкін. Бұл қазіргі заманғы ғылыми-технологиялық жабдыққа, жаңа өндірістік алаңдардың құрылысына, өндіруші елдің Еңбек және адам ресурстарына жұмсалатын үлкен шығыстарға байланысты.