ДЗСҰО жыл басынан бері 150-ден астам фармацевтикалық компанияға өтініш берушілермен кездесулер аясында кеңес берді

24.06.2022

 

Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сараптау ұлттық орталығында өтініш берушілермен кезекті кездесу өтті. Жыл басынан бері барлығы 21 кездесу өткізіліп, оған 158 фармацевтикалық компания қатысты.

Өтініш берушілермен кездесулер апта сайын әр бейсенбі күні сағат 11.00-де өтеді. Кездесу барысында ұлттық орталықтың сарапшылары өтініш берушілер мен өндіруші компаниялардың өкілдерін қызықтыратын мәселелер бойынша түсініктеме береді. Өтініш берушілердің сұрақтары көбінесе сараптамаға бұрын берілген өтінімдерге қатысты болады.

Орталық сарапшыларының айтуынша, талқыланатын тақырыптар ескертулермен жұмыс тәртібі, өтінімге түзетулер енгізу мерзімі, бастапқы және аналитикалық сараптама, сынақ зертханаларының жұмысы, сараптама саласындағы нормативтік-құқықтық актілер, сапа сертификаттары туралы болады. Әрбір мәселе жеке қарастырылып, сарапшылар сараптамаға өтінімдерді дұрыс қалыптастыру, қойылған ескертулерді жою бойынша ұсынымдар, сараптама орталығы берген теріс қорытындылар бойынша түсініктемелер береді және т. б.

Өтініш берушілерге қызмет көрсету орталығының басшысы Саягуль Хайрмуллинаның айтуынша, мұндай кездесулер өтініш беруші мен сараптамалық ұйымның қарым-қатынасының ыңғайлы тәсілі болып табылады, өйткені олар толық жауап алуға және өтінім беру барысында туындаған мәселелерді жедел шешуге мүмкіндік береді. Өтініш берушілерге ыңғайлы болу үшін кездесулер онлайн режимінде өтеді.

Кездесуге қатысу үшін өтініш берушілер әр сәрсенбі күні сағат 15.00-ге дейін алдын ала тіркеліп, сұрақтарды электрондық мекенжайларға жолдаулары қажет: farm@dari.kz , d.kasymbekova@dari.kz .