ДЗСҰО Аударма және тілдерді дамыту басқармасының аудармашы-маманы Гүлзира Серғазы «Тіл ардагері» медалімен марапатталды

06.10.2022

        29-30 қыркүйек күндері Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Әл-Фараби кітапханасында Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің құрылтайшылығымен және Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығының бастамасымен Қазақстан Республикасы халқының тілдері күніне орай және Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойына арналған денсаулық сақтау жүйесіндегі тіл мамандарының Республикалық форумы өтті.

       Форумға республикамыздың бүкіл аймақтарынан денсаулық сақтау саласының үздік қызметкерлері, оның ішінде тіл мамандары қатысып, ашылу салтанатында Алматыдағы Ахмет Байтұрсынұлы мұражайы алдындағы Алаш көсемінің ескерткішіне гүл шоғын қойды. Әл-Фараби кітапханасының фойесіндегі «Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы» атты мерейтойлық кітап көрмесін тамашалады. «Мәңгілік ел» тарихи-көркем кешеніне қарасты Әл- Фараби мұражайына, «Алаш», «Абай», «Ұлы даланың жеті қыры» залдарына саяхат жасады. Қазақстан Ұлттық ғылым академиясының академигі, отандық фармакология ғылымының көшбасы қайраткері, «Гиппократ» орденінің иегері Раиса Күзденбаева форум жұмысына сәт-сапар тіледі.      

        Форумның екінші күні «Қазақтың ұлттық әдеби тілі» атты ғылыми-тәжірибелік мәслихаттың ұйымдастырылуы медициналық қауымдастық өкілдерінің рухани-мәдени бетбұрысын айғақтайды. Басты баяндаманы Әл- Фараби атындағы ҚазҰУ филология факультетінің қазақ әдебиеті және әдебиет теориясы кафедрасының профессоры, филология ғылымының докторы, ахметтанушы Өмірхан Әбдиманұлы оқыды. Алматы қаласы халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы төрағасының орынбасары Мұхтархан Абаған, Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының директоры Анар Фазылжан және  «Тіл тазалығы: Ахмет Байтұрсынұлының ұстанымы» баяндамасымен С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университеті Тілдер кафедрасының доценті Төлеубек Қизатұлы Ахметтану тағлымдарын тыңдармандарға қысқаша тұжырымдап түсіндірді.  С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің «Анатомия» кафедрасының доценті, ҚР Морфологтары қауымдастығының мүшесі Бауыржан Шәкенұлының «Ұлттық анатомиялық терминдерді біріздендіру үдерісі» баяндамасын басым көпшілігі медициналық ұйымдардың аудармашылары болып саналатын мәслихатқа қатысушылар қызығушылықпен тыңдап, көкейтесті сауалдарына оң жауаптар алды. Баяндамада заманауи медицина аудармасының бүгінгі бағындырған мазмұн және сапа белестеріне жоғары баға берілді.

      Форумның шарықтау шегі Қазақстан медицина қызметкерлерінің арасындағы дарынды тұлғаларды анықтау үшін өткізілген Республикалық көркемдік-әдеби байқау болды. «Медицина қызметкерінің бір күні», «Ахмет Байтұрсынұлының әлемі», «Үздік поэтикалық шығарма», «Үздік  публицистикалық шығарма» аталымдары бойынша үміткерлер арнаулы дипломдармен марапатталды.

       Форумға Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сараптау ұлттық орталығынан делегат болып Аударма және тілдерді дамыту басқармасының аудармашы-маманы Гүлзира Серғазы қатысты. Байқауға өзінің «Алаш арыстарына арнау» өлеңін ұсынған Гүлзира Мұқамбетқалиқызы арнаулы Алғысхатпен және «Тіл ардагері» медалімен марапатталды. Форумда баяндамалар жасап, ағартушылық-насихат жұмысын жүргізген әдебиетші- ғалым ұстаздар қауымына, медицина мамандары арасында туған тіл жалауын жоғары желбіретіп жүрген таңдаулы тұлғаларға Құрмет грамоталары, «Тіл сақшысы» және Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығына арнайы дайындалған мерейтойлық төсбелгілер табысталды.