Елордалық «Жедел жәрдемнің» 59 бригадасы планшеттік құрылғылармен жарақтандырылды

28.01.2013

«Е-жедел жәрдем» инновациялық жобасы мен «Smart Astana» тұжырымдамасы аясында елорданың  59 жылжымалы медициналық жедел жәрдем бригадасы электронды планшеттік құрылғылармен жарақтандырылды, деп хабарлайды  astana.kz  сайты Астана қаласының Денсаулық сақтау басқармасына сілтеме жасап.

«Планшеттер: GPS-навигатор, IP-телефония және электронды медициналық анықтамалық - негізгі  үш функцияны атқарады. GPS-навигатор жедел жәрдем бригадасына  қала көшелеріндегі тығынды айналып өтіп,  жүру уақытын қысқартуға мүмкіндік береді. IP-телефония көмегімен  жедел жәрдем қызметкерлері пациентпен тікелей байланысқа шығу мүмкіндігін алды. Электронды медициналық анықтамалықта  аурулар, оның диагностикасы, емдеу тәсілдері мен дәрілік препараттар туралы  қажетті ақпараттар топтастырылған», - делінген хабарламада.

Сонымен қатар, жедел жәрдем бригадасы мен  қаланың 18 емдеу-профилактикалық мекемесі арасында тікелей телефон байланысы қамтамасыз етілді.   

«Аталған жобаны енгізу халыққа  ауруханаға  дейінгі  деңгейде медициналық көмек көрсетудің сапасы мен қарқынын  анағұрлым  арттыруға, сондай-ақ, қайталама шақырулар мен кедергілерді азайтуға  мүмкіндік туғызды», -  деп санайды басқарма.

Aқпарат inform.kz сайттынан алынды