ЕРЛЕРШЕ ЕҢБЕК ЕТЕ БІЛУ... және ӘЙЕЛ БОЛЫП ҚАЛУ

06.01.2020

50 жыл бұрын және кейін...

     Жетісу төрі Талдықорғанда көп балалы отбасында алтыншы cәби болып дүниеге келді. Әкесі кеңшар директоры болғандықтан, отбасы Сарқанд ауданының бір ауылынан екінші ауылына қоныс аударумен болды. Барлық мектепте тек қана оқу үздігі болып, алтын медальмен тәмамдады. 1989 жылы КСРО Мемлекеттік банкінің Алматыдағы Есеп-кредит техникумын қызыл дипломмен бітірді, 1001 қыз ішінен «Техникумның үздік бухгалтері» атағын жеңіп алды. Базарға нарық келіп, барлық cалаларда, тіпті адамдық қатынастарда саудаласу салты күшіне енген 2000 жылы әл Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің экономика факультетіне түсіп, бакалаврын да, магистратурасын да қызыл дипломмен аяқтады. Республика жоғары оқу орындарының флагманы – ҚазҰУ үздік түлегін босағасынан босатпады. 28 жасында 5000 оқытушы-ғалымы, т.б. жұмыскері бар, 19000 студент оқитын «Мемлекет ішіндегі мемлекет» тәрізді оқу орнына қаржы директоры болып тағайындалып, он жыл бойы абыройлы қызмет атқарды. «Жоғары оқу орнының қаржы жүйесі» атты кандидаттық еңбегін қорғап, ғылым тереңіне бойлады.

 

ДЗҰСО-ға бастаған жол

     Қазақ ұлттық техникалық университетінде директордың есеп жөніндегі орынбасары болып жүрген 2009 жылы Дәрілік заттарды сараптау ұлттық орталығына шақырылды. 9 жыл жүзінде 9 бас бухгалтер ауысып үлгерген... Білім саласынан медицина қауымдастығына келіп, ірі кәсіпорынның әлеуметтік даму келешегіне осыған дейін жиып-терген кәсіби білім-білігін сарқа жұмсады. Еңбегі еленіп, «Денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін» кеуде белгісімен марапатталды. 2013 жылы бауыр басып қалған ұжымнан қол үзіп, «Рrivate Clinic Аlmatу» ЖШС, ҚР Президенті істері басқармасының «Орталық клиникалық ауруханасы» медициналық мекемелерінде еңбек жолы жалғасты.

     2019 жылы ДЗҰСО ұжымы Бас директор Арнұр Нұртаевпен бірге оның экономикалық мәселелер жөніндегі орынбасары Мәншүк Рахымжанованы келешекке деген сеніммен, тұрақтануға деген үмітпен қарсы алды. Байырғы өзі жұмыс істеген жылдармен салыстырғанда, кәсіпорында көп нәрсе түбегейлі өзгерістерге ұшыраған. Ол заңды. Республика халқының денсаулық деңгейінің орташадан жоғары көтерілмеуіне, денсаулық сақтау саласындағы реформалардың көбеюіне, заңдар мен актілерге өзгерістер мен толықтырулардың үздіксіз енгізілуіне, дәріханалар даңғылында толастамаған баға дауларына, Қазақстанның Еуразиялық экономикалық одақтың дәрілік заттар айналымына қосылуына, Ұлттық сараптау орталығының Алматыдан Астана қаласына қоныс аударуына, басшылықтың ауыса беруіне байланысты көптеген тұйықтарға тірелген. Біріншісі – әрине, қаржылық дағдарыс. Екіншісі – «мамандар аштығы». Мемлекеттің қазынасын, осында күн-түн қатып жұмыс істейтін еңбеккерлердің табан ақы, маңдай-терімен құйылған қыруар қаражат мақсатты-мақсатсыз бейберекет талан-тараж болған. 2009 жылы өзекті мәселе болған мамандар жетіспеушілігі он жыл өтсе де күн тәртібінен түспеген. Жұмыс жүктемесінің қай кезеңде де көп болуына орай кәсіпорынның алтын тіректері болған корифей-ардагерлер орындарына «идея мұрагерлерін», кәсіби шеберлік жолын жалғастырушы жастарды даярлауға мұршалары болмаған. Мәншүк Төлеуғазықызының өзі осы жасына дейін 15 бас бухгалтер дайындапты. «Ұстазы жақсының ұстамы жақсы». «Ұстаздан шәкірт озса», ғанибет!

     Уақыттың өзі кәсіпорынға бетін бұрып, өткен жылы валюта курсының ауысуымен 500 миллион қаржы көктен түскен олжадай болды. Ал, биылғы доллар ауысымымен 30 миллион ғана қазынаға қосылды. Бұрынғымен салыстырғанда, ақша екі есе аз. Сонда да, өкіметтің ала жібін аттамай, кәсіпорынның өзі тапқан қаражатты шашпай айналымға қосып, ұлғайтып отырса, іскерлік, кәсіптік, материалдық, моральдық тұрғыдағы тұтастықтың кілті, береке басы сол. Кәсіпорынды жылдамдығына көз ілеспейтін замана көшінен қалдырмау, қызметкерлердің жалақыларын халықаралық сарапшылардың еңбекақысына дейін жеткізу қамы үшін аз тынығып, көп тер төгеді. Басшылық қатарда жауапты маманмен санаспай, қаржылық мәселелерді қаржыгер орнына өзі шешіп кететін адамдар болмау керек. Қаржыгерді ешқандай «физик» немесе «лирик» алмастыра алмайды.

 

«Қасым-Жомарт Тоқаев – менің Президентім!»

     Қазақстан халықаралық аренаға шыққан алмағайып кезеңде шетел асып кеткен базбір азаматтардың қазіргі Үкіметке бітпейтін наразылығын, онсыз да ашынулы халықты билікке қарсы айдап салғысы келетін ниетін Мәншүк ханым түсінбейді. Оның ойынша, қазіргі Елбасы халқына биіктен қарамайды, елінің әлеуметтік қауқарсыз халін жетік біледі. Мәншүк Төлеуғазықызы Президент Жолдауын талқылауға белсенді үлес қосты. Елбасының телерадио арналарындағы сұхбаттарын қалтқысыз тыңдап, баспасөз бетіне түскен әр сөзін мұқият оқып, екпін қоятын олқылықтары мен кемшіліктерін ұжым ауқымында түзетуге жан салады. Соңғы Жолдаудағы «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» идеясы жүрек пернесін тап басты. Кәсіпорын қызметкерлерінің жартысынан астамымен жеке сұхбаттасып, жай-күйімен танысты. Адам – зауыт машинасы, фабрика станогы емес. 500 адамның 500 түрлі пікір-көзқарасы, бірін-бірі қайталамайтын жан-жүрегі, тұрмыс-тіршілігі, тағдыры бар. Олардың үйде, түзде, кеңседе түсіндірілуі де сан сипатты. Адамның жағдайы тұрақсыз, көңіл-күйі орнықсыз болса, одан қалай толыққанды маман ретінде жұмыс талап етуге болады?! Өзекті мәселелері қордаланған департамент, басқарма, бөлімдегі күрмеуі шатасқан түйіндер ресми талқылаудан өткен соң ашық сұхбаттар арқылы іс жүзінде шешімін табады. Қаржыгер ұраны: қанағаттанбаушылық барған сайын кему керек. Мәншүк Төлеуғазықызы - ұжымын аналық қамқорлықпен қорғап-қолдайтын басшы. Кәсіпорында еңбек ететін жастардың көпшілігі өзінің ұл-қызының құрдастары мен замандастары екен. Өмір бар жерде өлім бар: әке-шешесі, тума-туысы озып жатады. Өмір бар жерде ұрпақтың өсуі бар: нәрестелі болғандар былтырғы жылмен салыстырғанда екі есе көбейген. Шаңырақ көтергендер, сырқаттанып қалғандар да жетеді. Тіпті бірер қызметкердің перзенті шетелдегі еміне қыруар қаржыны қажет ететін ауыр науқастарға шалдығыпты. Осындай сынақты тұстарда материалдық қолдау көрсетуге басшылыққа келгелі 20 миллиондай қаражат жұмсады. 10 миллионды қызметкерлерді кеңсе-үй арасында таситын көлік қатынасына бөлуді жоспарлады. 9 миллион жаңа кеңсені жалдауға кетеді. Дөңгелек сандар әріптестердің әлеуметтік ахуалын жақсартуға жұмсалу керек. «Кәсіби шеберлер заманы» туды: тамыр-таныспен емес, біліммен орныңды табу, білігіңмен беделдену уақыты келді. Корпоративтік рухты жетілдіру мақсатында денсаулықты нығайтуға бағытталған спорттық т.б. жобаларды жолға қою ойда бар...

 

Көшбасы ханымның табыс кілті

(мінездеме)

      Әке-шеше тәрбиесі өмір бойы білімге құштарлыққа ұласып, талмас ізденістермен жалғасқан Мәншүк Төлеуғазықызының табысты болу құпиясы қарапайым. Әу баста келешек көгінде самғауға қанат берген не? Жеткіншек шағында инженер әкесінің арқасында талдамалық ойлау жүйесі, нақты ғылымдарға тартылыс дарыды. Ана сүтімен даналық дәнектерін тұла бойына еккен ол өзін қоршаған әлемнің барлық ізгі қайнарларынан сусындап отырды. Ол үшін ең бастысы – отбасылық дәстүрлер мен халықтық құндылықтар туралы танымына тозаң қондырмау. Бүкіл қызметі осындай рухпен қаруланды. Жан дархандығы, адамгершілік, зиялылық оның ішкі сапаларына айналып, әріптестерінен ерекшеледі. Өмірге құштарлық, шешімшілдік, адамдарға сенім арту қабілеті расталып отырды. Бүкіл қажыр-қайратын, кісілік қасиеттерін мақсат мәресіне жетуге жұмсаған әркімнің ұмтылысы қуатталды. Жұмысқа жауапкершілік, ар-ождан тазалығы және абырой биігінен түспеу өз мұратын түсінетін адамның ғана еншісі болмақ.

 

«Бірден үш» мереке

     «Әке-шешем, ата-енем, жан жолдасым, ұлым мен қызым, келінім мен күйеу балам, немерем бар, мен бай әйелмін» дейді Мәншүк ханым. 2020 жыл Мәншүк Төлеуғазықызының өмірбаянына «мерейтойлар жылы» болып жазылады. Тура 3 қаңтар күні әкесі - заманында кәсіби шахмат шебері болып, республикалық сайыстар жеңімпазы атанған, Карпов, Каспаров сияқты «шахмат құдайларымен» күш сынасқан, 2019 жылғы Азия чемпионатына қатысқан Төлеуғазы Мұқамбекұлы сексеннің сеңгіріне көтерілді. Әр мерейжасында әке тойын ел тойына айналдыратын қыз өзінің асқар тау әкесінің көлеңкесінде жүргенін бақыт көріп, туған күнін дабыра-думан қылмайтын. Жыл басындағы 3 қаңтар күні қаржы қайраткері, өмірінің асу-белестерін хас ерлерше бағындырған қазақ азаматшасы һәм көркем жаратылысты әйел заты Мәншүк Рахымжанова ердің жасы елуге толды. Жаңа жыл күндері, тағы да 3 қаңтарда... шаңырақта көптен күткен төл немере іңгәсі естілді. Алланың зор марапаты ұзағынан сүйіндірсін деуден басқа сөз жоқ.

  Гүлзира Серғазы

 

     «Нұр Отан» партиясы, әл Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі, Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитеті және Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сараптау ұлттық орталығы Мәншүк Төлеуғазықы Рахымжанованы 50 жылдық мерейтойымен құттықтап, әр ұжымдағы жұмыс істеген кезең ішінде көрсеткен кәсіби шеберлік үлгісі, мақсаткерлігі мен еңбексүйгіштігі үшін алғыс айтады. Ұзақ өмір, зор денсаулық, толайым табыс, бақыт тілейді.