Фармацевтикалық өнімдердің сәйкестік сертификатының түпнұсқалығын қалай тексеруге болады

09.06.2022

Қазақстанда барлық дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сату тіркеу және сапаны бағалау рәсімінен өткеннен кейін ғана рұқсат етіледі. Сапаны бағалау тіркелген өнімнің сапасын анықтау және қазақстандық нарықта фальсификаттардың айналымын болдырмау мақсатында жүргізіледі. Сапасын растаған өнімге жеке сериялық нөмірі бар сәйкестік сертификаты беріледі.

Өкінішке орай, соңғы уақытта Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сараптау ұлттық орталығы берген фармацевтикалық өнімге сәйкестік сертификаттарын қолдан жасау жағдайлары жиілеп кетті. Бұл ретте көп жағдайда жосықсыз компаниялар өнімге берілген серияларды түзету арқылы сертификаттарды қолдан жасайды.

Алайда, Ұлттық орталық сәйкестік сертификаттарын қорғау бойынша шаралар қабылдады, олардың көмегімен қолдан жасауды анықтауға мүмкіндік бар. Ол үшін сәйкестік сертификатының басты бетіндегі төменгі сол жақта көрсетілген сілтемені іздеу жүйесіне енгізу арқылы тексеруге болады. Сілтемені кез-келген құрылғыдан тексере аласыз: смартфоннан, жеке компьютер немесе ноутбуктан.

Сілтеме енгізілгеннен кейін жүйе сертификаттағы серия нөмірін салыстыру үшін түпнұсқалық сәйкестік сертификаты орналасқан бетке автоматты түрде жібереді. Мұндай салыстыру қолдан жасалған құжатты анықтауға мүмкіндік береді.

Сертификаттың түпнұсқалығын тексерудің ең қол жетімді әдісі – QR кодын сканерлеу. QR кодын тану үшін смартфонның камерасын кодқа апару жеткілікті. Код сізді түпнұсқалық сертификат орналастырылған бетке жібереді.

Сонымен қатар, Ұлттық орталық берген барлық сәйкестік сертификаттары туралы деректерді сараптама ұйымының ресми сайтында www.ndda.kz  орналасқан Мемлекеттік тізілімдегі «сертификаттар» бөлімін пайдалана отырып алуға болады. «Сертификаттар» бөліміне өту үшін Мемлекеттік тізілімде тіркеу куәлігін/дәрілік препараттың немесе медициналық бұйымның саудалық атауын/өндірушісін теру қажет. Әрі қарай, жүйе өнім туралы барлық деректерді, соның ішінде берілген сертификат туралы ақпаратты береді.

Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сараптау ұлттық орталығы ескертеді: сертификаттарды қолдан жасау қазақстандықтардың денсаулығына зиян келтіреді, сапасыз өнімнің таралу қаупін тудырады. Алаяқтық үшін қылмыстық жауапкершілік көзделеді .

Сондай-ақ, жалған сертификаттар анықталған кезде Ұлттық орталық азаматтардан +7 (7172) 78-98-11 телефон нөмірі бойынша хабарлауды сұрайды.