Фармацевтикалық өнімдердің сәйкестік сертификатының түпнұсқалығын тексеру жолы

31.05.2024

Қазақстанда барлық дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сату тіркеу және сапаны бағалау рәсімінен өткеннен кейін ғана рұқсат етіледі. Сапаны бағалау тіркелген өнімнің сапасын анықтау және қазақстандық нарықта фальсификаттардың айналымын болдырмау мақсатында жүргізіледі. Сапасын растаған өнімге жеке сериялық нөмірі бар сәйкестік сертификаты беріледі.

Өкінішке орай, соңғы уақытта Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сараптау ұлттық орталығы берген фармацевтикалық өнімге сәйкестік сертификатындағы QR-кодты алмастыру немесе қолдан жасау, өнімнің сауда атауын және серия нөмірін қолдан түзету жағдайлары жиілеп кетті.

Сәйкестік сертификатының түпнұсқалығын тексеру үшін іздеу жүйесіне сертификаттың басты бетіндегі төменгі сол жақта көрсетілген сілтемені енгізі арқылы тексеруге болады.Сілтемені кез-келген құрылғыдан тексере аласыз: смартфоннан, жеке компьютер немесе ноутбуктан.

 

Сілтеме енгізілгеннен кейін жүйе сертификаттағы серия нөмірін салыстыру үшін түпнұсқалық сәйкестік сертификаты орналасқан бетке автоматты түрде жібереді. Мұндай салыстыру қолдан жасалған құжатты анықтауға мүмкіндік береді.

Сертификаттың түпнұсқалығын тексерудің тағы бір әдісі – QR кодын сканерлеу. QR кодын тану үшін смартфонның камерасын кодқа апару жеткілікті. Код сізді түпнұсқалық сертификат орналастырылған бетке жібереді.

Сонымен қатар, Ұлттық орталық берген барлық сәйкестік сертификаттары туралы деректерді сараптама ұйымының ресми сайтында www.ndda.kz  орналасқан Мемлекеттік тізілімдегі «сертификаттар» бөлімін пайдалана отырып алуға болады. «Сертификаттар» бөліміне өту үшін Мемлекеттік тізілімде тіркеу куәлігін/дәрілік препараттың немесе медициналық бұйымның саудалық атауын/өндірушісін теру қажет. Әрі қарай, жүйе өнім туралы барлық деректерді, соның ішінде берілген сертификат туралы ақпаратты береді.

 

Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сараптау ұлттық орталығы ескертеді: сертификаттарды қолдан жасау қазақстандықтардың денсаулығына зиян келтіреді, сапасыз өнімнің таралу қаупін тудырады. Алаяқтық үшін қылмыстық жауапкершілік көзделеді.

Сондай-ақ, жалған сертификаттар анықталған кезде Ұлттық орталық азаматтардан +7 (7172) 235 131 телефон нөмірі бойынша хабарлауды сұрайды.