Қазақстан Республикасының дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету саласына заңнамалық өзгерістер енгізілді

05.07.2022

Мемлекет басшысы бірқатар заңнамалық актілерге, соның ішінде «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Қазақстан Республикасының Кодексіне өзгерістер мен толықтыруларға қол қойды. Өзгерістер мен толықтырулар дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету саласына бағытталған.

Атап айтқанда, «стратегиялық маңызды дәрілік заттар мен медициналық бұйымдар» ұғымы енгізілді. Тұжырымдамаға сәйкес, оларға келесі жағдайларда қажет медициналық қолдануға арналған дәрі-дәрмектер мен медициналық бұйымдар жатады:

  • соғыс қимылдары және олардың зардаптарын жою;
  • төтенше жағдайлар зардаптарының туындауы, алдын алу және жою;
  • жаңа аса қауіпті инфекциялық аурулардың пайда болу, таралу және олардың салдарларын жою қатерлері;
  • қолайсыз химиялық, биологиялық, радиациялық факторлардың әсері нәтижесінде алынған аурулар мен зақымданулардың профилактикасы, диагностикасы, оларды емдеу, сондай-ақ олардың салдарларын жою;
  • мүше мемлекеттердің ең болмағанда біреуіне қатысты шектеу экономикалық шараларын енгізу жағдайында Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің нарықтарында дәрілік заттардың немесе медициналық бұйымдардың болмауы немесе болмау қаупі.

Дәрілік заттардың қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» ҚР Кодексіне бұрын ұлттық заңнамамен реттелмеген стратегиялық маңызды дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды тіркеу тәртібін көздейтін өзгерістер енгізілді.

2021 жылғы 1 шілдеден бастап дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды тіркеу Еуразиялық экономикалық комиссия кеңесінің 2016 жылғы 3 қарашадағы № 78 шешімімен бекітілген ЕАЭО қағидалары бойынша жүргізілетіні және айтарлықтай ұзақ кезең - 210 күнді алатыны белгілі.

Сонымен қатар, өзгерістерге сәйкес, енді дәрілік заттардың немесе медициналық бұйымдардың балк-өнімдерін мемлекеттік тіркеу талап етілмейді, оларды көтерме және бөлшек саудада өткізуге тыйым салынды. Тыйым дәрілік заттарды өндіру үшін пайдаланылатын дәрілік заттардың немесе медициналық бұйымдардың балк-өнімдерін көтерме саудада өткізу жағдайында қолданылмайды.