Қазақстандық еркектерге «жедел» жәрдем қажет

30.03.2013

 

2013 жылы медициналық қоғам ерлердің денсаулығына, оның ішінде репродукциясына аса мән беруде. Академик Б.О. Жарбосынов атындағы Урология ғылыми орталығының ұжымы орталықтың бас директоры әрі еліміздің бас урологы М.Қ. АЛШЫНБАЕВ мырзаның басшылығымен екі жыл бойы «Ерлердің денсаулық мектебін» өткізуде. Шараның маңыздылығы – түрлі жас тобындағы ерлер арасында уроандрологиялық ауытқуларды осы санатқа жататын ерлердің арасында ілесе жүретін ауруларды анықтау, уролог, кардиолог, эндокринолог-дәрігерлер арасында урологиялық науқастарды диагностикалау және емдеу алгоритмін пәнаралық ыңғай тұрғысынан енгізу.

Биылғы жылдың наурыз айының 30 жұлдызында жоғарыда айтылған шаралардың аясында Шымкент қаласында баспасөз мәжілісі өтті. Оның мақсаты – Қазақстан Республикасындағы ер азаматтардың денсаулығының қазіргі жағдайын баяндау, урологиялық аурулардың ерте кезеңде алдын алу және халықтың өз денсаулығына қатысты мәдениетін көтеру қажеттілігі туралы халыққа үндеу жолдау және БАҚ өкілдерін аталмыш тақырыпты жиі қозғауға шақыру болып табылады. Ерлердің денсаулығы – бүгінгі күні медициналық мәселелердің шеңберінен шығып, мемлекет және жеке тұлғалардың ықпал етуін талап ететін әлеуметтік мәселеге айналып отыр.

Статистика мәліметтері

Ерлердің өмір сүру ұзақтығы әйелдерге қарағанда 10%-ға төмен. 75 жасқа жеткен уақытта ерлердің арасындағы қатерлі ісік нәтижесіндегі өлім-жітім көрсеткіші әйелдермен салыстырғанда 2 есе жоғары.

Жаңа туған ұл балалар арасындағы өлім-жітім нәресте қыз балаларға қарағанда 3 есе жоғары.

1950 жылдан 1990 жылға дейінгі кезеңде өзіне қол жұмсау, кісі өлтіру және жазатайым оқиғаларға байланысты орын алған жыл сайынғы өлімдердің 70-80% ерлердің үлесінде.

Жыл сайын бүкіл әлем бойынша 25 мыңнан аса ер адам өзіне қол жұмсайды.

Ерлер әйелдерге қарағанда дәрігерлерге үш есе сирек қаралады, ауруларды ерте кезеңде анықтау көрсеткішінің төмендігі осы жағдайға байланысты.

Ерлер жүректің ишемиясы ауруымен әйелдерге қарағанда 3 есе жиі ауырады, ал сусамырға 6 есе жиі шалдығады.

Соңғы 5 жылда еркек безі обырының нәтижесіндегі өлім-жітім көрсеткіші сүт безі обырының нәтижесіндегі өлім-жітім көрсеткішімен салыстырғанда екі есеге артқан.

Қазақстан бойынша мәліметтер

Қазақстан Республикасындағы жалпы өлім-жітім құрылымында ер адамдардың өлім-жітімі бірінші орында тұр. Бұл Еуропа елдерімен салыстырғанда жүрек-қан тамырлары ауруларының аса кеңінен таралуына, оларға ілесе жүретін қауіп факторларын дер кезінде анықталмағандығына және әлеуметтік-экономикалық жағдайға тікелей байланысты. Сонымен қатар, олардың пайда болуына ықпал ететін төмендегі қауіп факторы:

  • күре тамыр гипертензиясы;
  • гиперхолестеринемия;
  • темекі шегу, шеттен тыс семіру;
  • ішімдік қабылдау;
  • гиподинамия салдарынан болуы мүмкін.

 

ПРОСТАТИТ – медициналық мәселе шеңберінен шығып, қазіргі таңда әлеуметтік мәселеге айналып отырған ауру. Созылмалы простатиттің өмір сапасына ықпалын миокард инфактісі, стенокардия, Крон ауруымен салыстыруға болады, сонымен қатар, бұл ауру еңбекке қабілетті жастағы ерлерде айтарлықтай психологиялық және әлеуметтік қиындықтарды тудырады.

Еркек жыныс безінің зарарсыз гиперплазиясы жасы үлкен ерлер арасындағы несеп-жыныс жүйелері ауруларының ішінде ең кең таралған аурулардың бірі болып табылады. Оған жасы 50-ден асқан ерлердің 50% астамы және 80 жасқа жеткен ерлердің 90% дерлік шалдығады (Roehrborn CG, McConnell JD.). М. Emberton et. al. халықаралық зерттеушілерінің пікірінше, «еркек безінің зарарсыз гиперплазиясы кезіндегі өмір сапасының нашарлауын демікпе және қояншық ауруы кезіндегі өмір сапасымен салыстыруға болады».

ЭРЕКТИЛЬДІ ДИСФУНКЦИЯҒА (ЭД) жүрек-қан тамырлар жүйесінің ауруларымен ауыратын науқастардың 50-60% шалдығады. Эректильді дисфункция өмір сапасына әсер етіп, депрессияның дамуын қоздырып, көптеген соматикалық аурулардың пайда болуына және олардың асқынуына әкеледі. Эректильді дисфукцияның анықталуы жүрек-қан тамырлары ауруларын, сусамырдың алғашқы белгісі мен олардың пайда болуына ықпал ететін қауіп факторы болуы мүмкін.

Баспасөз мәжілісіне қатысушылар еркектердің денсаулығын сақтап қалуды қиындатып отырған мәселелер қатарын талқылады.

Қазақстанда ерлердің репродуктивті денсауығын сақтауға арнайы бағытталған саясат жоқ, денсаулық сақтау органдары ерлердің денсаулығын сақтауға аз көңіл бөледі, денсаулық сақтау жүйесінде ерлерге арналған арнайы инфрақұрылымдар тапшы, ерлердің өз денсаулығын сақтау жөніндегі ақпараттандыру өте төмен деңгейде.

Ерлердің сексуалды, репродуктивті және әлеуметтік-психологиялық денсаулық мәселелері жөнінде ер азаматтарға білім беру, осы мәселені дамыту және оған қолдау көрсету – мемлекеттің гендерлік бағдарламасын іске асырудың негізі болып табылады. Сол себепті қазақстандық еркектердің денсаулығын сақтап қалудың жаппай шараларын бүгіннен бастаған абзал.

«Фармация Казахстана» журналы