Денсаулық сақтау министрлігінің 2012 жылғы қызметінің қорытындылары және 2013 жылғы міндеттері жөнінде кеңейтілген алқа отырысы болып өтті

04.02.2013

Алқа отырысына сондай-ақ, ҚР Парламент депутаттары, Президент Әкімшілігі, Премьер-Министр Кеңсесі, орталық атқарушы органдардың жауапты тұлғалары, республикалық денсаулық сақтау ұйымдарының басшылары және министрліктің өңірлік органдарының өкілдері қатысты.

ҚР Денсаулық сақтау министрі Салидат Қайырбекова министрліктің 2012 жылғы қызмет қорытындылары және ағымдағы жылғы мақсат-міндеттері жөніндегі баяндама жасап, бала туу санының өсімі және өлім-жітім көрсеткіштерінің тұрақтауы нәтижесінде халық саны 2011 жылмен салыстырғанда 4% артқанынжеткізді.      

Алғаш рет бір жылдың ішінде өмір сүру ұзақтығы 0,59жылғаартып, 2011 жылғы 69,01 жастан 2012 жылы 69,6 жасқа жетті.      

Аталған мерзім ішінде ана өлім-жітімі 23%, нәрестелер өлім-жітімі 9%, қан айналымы жүйесі ауруларынан болатын өлім-жітім 20%, онкопатологиядан болатын өлім-жітім 3%, туберкулезбен болатынөлім-жітім 15%,қайғылы жағдайлар, уланулар мен жарақаттанушылықтан болатын өлім-жітім 5,3%төмендеді.      

Бірыңғай ұлттық денсаулық сақтау жүйесі (БҰДСЖ) шеңберінде аурухананы еркін таңдау құқығын 800 мың адам пайдаланды, оның 46%ауыл тұрғындарықұрады. Еркін таңдау қағидасын іске асыру БҰДСЖ-де мемлекеттік емес сектор үлесін 16%-ға дейін арттыруғамүмкіндік берді. БҰДСЖ енгізу Астана ғана емес, өңірлер тұрғындарына да қолжетімді жоғары технологияларды дамытуға мүмкіндік берді. Жоғары мамандандырылған медициналық қызмет көлемі 2011 жылмен салыстырғанда 60%артты және оның жартысынан астамы (56%) өңірлерде көрсетілді.

Шетелдерде емдеуге жіберілетіндер тізімін азайту мақсатында ҚР Үкіметінің қаулысына бірқатар өзгерістер енгізілді. Соған сәйкес, бұған дейін шетел клиникаларына бағытталатын науқастар отандық емдеу ұйымдарында емделе алады. Ол үшін шетелдерден мамандар шақыра отырып, шеберлік-сыныптарын өткізу қарастырылған. Сонымен қатар, органдары мен тіндерін транспланттауға кезекте тұрған науқастар енді емдеудің бірінші кезегіне, яғни зерттеу мен донорлар іздеуге бір уақытта  жіберілетін болады. Тиісінше, донор табылса, науқас органын алмастыруға бағытталады.

Өз елімізде де трансплантологиябелсенді дамытылуда. Осыдан 3 жыл бұрын ғана органдарды алмастырып салу оталары санаулы ғана жасалса, 2012 жылы ересектер мен балаларға 90 транплантация (бүйрек, кемік майы, жүрек, ұйқы безі) атқарылды. Бұл салада өткен жылдың ең басты оқиғасы әрине, донор жүрегін алмастырып салу операциясы болғаны сөзсіз.               

Денсаулық сақтау саласында әкімшілендірудің заманауи әдістері, оның ішінде емдеу сапасы мен науқастың ризашылығына қарай еңбекақы төлеудің жаңа қағидалары енгізілуде. Менеджмент дұрыс жолға қойылған емдеу ұйымдарында қызмет түрі мен үлесіне қарай дәрігерлер 160 мың теңгеге дейін, мейіргерлер 40 мың теңгеге дейін қосымша жалақы алуда.  

 2012 жылы медициналық ұйымдар үшін құралғыларды лизингке алу мүмкіндігі ашылды. Бұл жүйеде ауруханаға нақты қандай құралб-жабдық керектігін бас дәрігердің өзі шешім, сыбайлас жемқорлыққа тосқауыл қойылады. 

Әлеуметтік бағдарланған алғашқы медициналық-санитариялық көмек (АМСК) үлгісі жасалуда. Бүгінгі таңда АМСК деңгейінде әлеуметтік-психологиялық көмек қызметі қалыптастырылуда: қазірдің өзінде 500-дей психолог және 2 мыңнан астам әлеуметтік қызметкер жұмыс істейді, екінші және үшінші мейіргер қызметтері енгізілді.   

Ұлттық скринингтік бағдарлама шеңберінде бүкіл республика бойынша инфекциялық емес аурулар, сондай-ақ жатыр мойны, сүт безі және колоректальды обырды анықтауға бағытталған жаппай профилактикалық тексерулер жүргізілуде. 2012 жылы Қазақстан бойынша 6,9 млн. адам скринингтен өткізіліп, 1 млн.-нан адамнан түрлі дерттер ерте сатысында анықталып, 600 мыңы сауығып шықты. Осы орайда скрининг тізімі кезең-кезеңмен кеңейтіліп келеді, ағымдағы жылдан бастап қуық безі, бауыр, өңеш және асқазан обырларын ерте кезеңде анықтауға профилактикалық тексерулерді бастау жоспарланған.     

Қазақстанда медицинаның жаңа бағыты – көлік медицинасы енгізілуде. Бүгінгі таңда диагностикалаудың барлық озық жүйелерімен жабдықталған 49 жылжымалы медициналық кешен (ЖМК) ауыл халқын тексеру үшін алыс елді мекендерге шығып, қызмет көрсетуде. «Денсаулық», «Жәрдем» және «Саламатты Қазақстан» медициналық пойыздары, жолдардың қауіпті учаскелерінде 12 құтқару бекеті жұмыс істеуде. ЖМК базасында 530 мың адам қаралып, 1 млн.-нан астам зертханалық-диагностикалық зерттеулер және 450 мыңнан аса кеңестер өткізілді. Медициналық пойыздар еліміздің 234 стансасының тұрғындарына 230 мыңдай диагностикалық қызмет көрсетіп, 63 мыңдай адамды, оның ішінде 25 мың баланы медициналық тексерумен қамтыды. Санитарлық авиация жөніндегі республикалық үйлестіру орталығы арқылы 1005 ұшырылым іске асырылып, 1300-ден астам медициналық қызмет, 450 консультативтік қызмет және 90 операция атқарылды.       

Әуе көлігін пайдаланып шұғыл медициналық көмек көрсетудің сапасы мен қолжетімділігін жақсарту мақсатында ҚР Үкіметінің қаулысымен «Санитарлық авиация республикалық орталығы» РМК құрылды.   

Өмір сапасын арттырудың басты шарттарының бірі – халықты дәрімен қамтамасыз ету. Науқастардың жекелеген санаттары бұған дейін дәрінің 50 пайыздық бағасын төлеп, жеңілдікпен қамтасыз етіліп келсе, 2012 жылдан бастап мемлекеттік бюджет есебінен толықтай тегін беріле бастады. Бұл мақсатқа республикалық бюджеттен 2,4 млрд. теңге бөлінді.  

Посткеңестік кеңістікте алғаш рет Қазақстан 2011 жылдан бастап пневмоккок инфекциясына қарсы балаларды егуді бастады. Бүгінгі таңда еліміздің 7 өңірінде 450 мыңнан астам бала егілді. Ал 2015 жылға дейін бұл вакцинация бүкіл республика бойынша енгізілетін болады. 

Жүрек-қан тамырлары ауруларын емдеудің озық технологиялары енгізілуде, соңғы уақытқа дейін біздің медицинада мүмкін болмаған бірегей операциялар жасала бастады. 2012 жылы 20 мыңнан астам кардиохирургиялық ота, оның ішінде 9,5 мыңы ересектерге ашық жүрекке жасалды.   

Халықаралық стандарттарға сәйкес өңірлерде20 инсульттік орталық ашылды. Ал 2013 жылдың соңына дейін тағы 28 инсульттік орталық ашылып, тұрғындардың барлық қажеттілігін жабатын болады.

2012 жылы Дүниежүзілік денсаулық сақату ұйымы (ДДСҰ) Қазақстанның «полиомиелиттен азат ел» сертификатын растап, «безгектен азат ел» сертификатын табыс етті.

Бүгінгі таңда Денсаулық сақтаудың Бірыңғай ақпараттық жүйесін (ДСБАЖ) іске асыру соңғы кезеңіне жетті. Астана қаласы мен Ақмола облысында ДСБАЖ пилоттық режімде енгізілді. 750 мыңнан астам адамға электрондық денсаулық төлқұжаттары жасалды. Әрі қарай электрондық құжаттар бүкіл республика халқына жасалатын болады.     

Елбасының «Қазақстан-2050» Стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында айтылған тапсырмаларды орындау мақсатында ҚР Денсаулық сақтау министрлігі бірқатар іс-шаралар қабылдайтын болады. Олар: халықаралық нормаларға сәйкес медициналық көмек көрсетудің стандарттарын жетілдіру; балаларға тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемін кеңейту; орта буын медициналық қызметкерлерін әзірлеудің құрылымы мен мазмұнын қайта қарау; халықаралық стандарттарға негізделген арнайы аккредиттеу стандарттарын әзірлеу.  

Сонымен қатар, ҚР Денсаулық сақтау министрлігі «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру шеңберінде келесі бағыттарда жұмысты күшейтетін болады: ДСБАЖ жетілдіре отырып, амбулаториялық-емханалық көмек көрсетудің қолжетімді және тиімді жүйесін қалыптастыру және әлеуметтік бағдарланған АМСК дамыту, оның ішінде медициналық қызметтерді қаржыландыру мен ақы төлеудің жаңа жүйесін енгізу; азаматтардың денсаулығын қорғау мәселелері бойынша сектораралық және мекемеаралық өзара іс-әрекетті нығайту; менеджменттің заманауи әдістерін, мемлекеттік салада корпоративтік басқару қағидаларын енгізу және медициналық қызмет көрсетушілердің қаржыны тиімді пайдалануын қадағалауды күшейту, мемлекеттік-жекеменшік серіктестікті дамыту; мамандардың ауылдарда тұрақтауы, медицина қызметкерлерінің әлеуметтік дәрежелерін арттыруға бағытталған шаралар қабылдау, әкімдіктердің медицина қызметкерлері үшін мекемелік баспана тұрғызуы, оның ішінде студенттер үшін жатақхана салу, дәрігерлер мен мейіргерлерге жалға берілетін пәтерлер санын ұлғайту, «электрондық денсаулық сақтау» жүйесін қалыптастыру мен дамытуды көздейтін Денсаулық сақтаудың Бірыңғай ақпараттық жүйесін әрі қарай дамыту.       

Aқпарат mz.gov.kz сайттынан алынды