Медицина қызметкерлерінің күнімен

19.06.2015

Қымбатты әріптестер!

Күнтізбедегі бүкіл халқымыз атап өтетін айтулы мереке – Медицина қызметкерлерінің күнімен баршаңызды шын жүректен құттықтаймын!

Дәрігерлік ілімді адамзатқа ортақ өнерлердің ең ізгісі деп атаған Авиценна мен Гиппократтың ежелгі дәуірінен адамның тәні мен жанының дауасын тауып, сырқатынан сауықтыру, саулығы үшін күресу, өміріне араша болу – қастерлі кәсіп, адамның адамға жасайтын қызметінің ең асылы. Әл Фараби бабамыздың тарихи мұра болып қалған философиялық трактаттарында да «Тазалық – денсаулық негізі, денсаулық – байлық негізі» екені дәріптеледі.

Ата-бабамыз да «Дені саудың – жаны сау», «Бірінші байлық – денсаулық» деген мақал-мәтелдерін «Даналық дәптеріне» безбендеп жазып кеткен.

Президент Нұрсұлтан Назарбаев ұлттық индустриялық-инновациялық даму стратегиялық бағдарламасын белгілеп отыратын дәстүрлі Жолдауларында «Халық денсаулығы – Қазақстанның жаңа нысаналы мақсаттарға қол жеткізу жолындағы табыстарының ажырамайтын бөлігі» екенін үнемі баса атап көрсетеді. Елбасымыздың «Мәңгілік ел» атты соңғы Жолдауында «Тұрақтылық пен келісім дегеніміз не? Ол – отбасылық әл-ауқат, қауіпсіздік, баспана. Бейбітшілік – ол әке мен ана қуанышы, ата-аналар денсаулығы және біздің балаларымыздың бақыты. Бейбітшілік – ол тұрақты жұмыс, жалақы және ертеңгі күнге деген сенім!» деген жолдар бар.

Бұл жолдар дәрілік заттар айналымы саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарымен де жарқын айғақталады.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Халықаралық бағдарламасының толық құқықты мүшесі болып қабылданған Қазақстан Республикасында халықты дәрілермен қамтамасыз етудің бірізді жүйесін жетілдіруге қажетті барлық негіздер қаланған. Тұрғындарды тиімді де қауіпсіз, сапалы дәрілік көмекпен қамтамасыз ету, отандық дәрілік өндірісті серпінді дамытып, ішкі нарықтағы отандық дәрілік заттар үлесін арттыру, сыртқы экспортқа бағытталған отандық өндірісті дамыту, халықаралық кеңістікпен ықпалдасу және халықаралық стандарттарды енгізу саласында Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің жетекші де жауапты ұйымы – Дәрілік заттарды, медициналық мақсаттағы бұйымдарды және медицина техникасын сараптау ұлттық орталығы да ұшан-теңіз жұмыстар тындыруда.

Ұжымымызда медицина ғылымының майталмандары, белгілі академик, профессорлардың, өнертапқыштық патент иегерлерінің,   дәрігерлік тәжірибеден өткен кәсіби шеберлердің, заманауи мамандық иелері – фармацевтердің еңбек ететінін мақтаныш етеміз. Мақсат-мұратымызды алға жылжытып, «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» болу үшін әртүрлі бағытта маманданған білімді де білікті азамат-азаматшалармен де күн сайын бірге маңдай-тер төгетініміз ғанибет.

Біз мемлекеттік тілдің медицинада, соның ішінде фармакология мен фармацевтика тармағында үлкен сұранысқа ие болып отырғанын, дәрілік нұсқаулықтардың қазақша нұсқаларын сауатты сапаға көтерген озық мамандармен бірлестікті жолға қойғанымызды сүйінішпен айта аламыз.

Бүгінгі мейрам тек дәрігерлік дипломы, ғылыми атағы, сертификаттары бар медицина мамандарына ғана емес, барша әріптестерімізге де ортақ.

Ендеше, бәрімізді ынтымақтастыра түсетін төл мерекеміз үлеске үлес, жеміске жеміс, өріске өріс қосатын мереке болсын дегім келеді.

Елбасымыздың ұйытқы болуымен Еуразиялық экономикалық одақтың дәрілік заттардың сапасы, қауіпсіздігі мен тиімділігіне қойылатын талаптарды Жер шарын мекендейтін әр мемлекеттің қажеттілігін қанағаттандыратын ортақ қалыптарға келтіріп, үйлестіру міндеті иығымызға нар көтерер жүк артты. Халықаралық импортқа қақпамыз айқара ашылып, еліміздің дәріханаларын толтырып тастаған қазіргі кезеңде қалтқысыз қырағы болу, талаптарымызды күшейту, сараптама саласында сындарлы істерді алға апару міндеті күн тәртібінен түспейді.

Заманымыз жаңалықтар мен қайшылықтарға толы. Солай бола тұра, ертеңіміздің бүгінімізден де нұрлы боларына шүбәсіз сенгіміз келеді. Жаны мен тәні сау адамның еңсесі биік, рухы асқақ, жүрген жері өрісті, әрбір ісі өністі. Осыны жадымыздан шығармай, әркіміміз іс жүзінде көңіл бөлгеніміз абзал.

Жас буынның тек қана тән саулығы мен сұлулығына ұмтылып, материалдық қажеттіліктерін түгелдеп қана қоймай, рухани құндылықтарға зейін аударып, рухтарын шынықтырып, ақыл-ойын тереңдетіп, жан-дүние тазалығын сақтай білуіне көмектесіп, өз тарапымыздан екпінді тәрбиелік үлес қосуға шақырамын.

Еліміз бен Елбасымыз, отанымыз бен отбасымыз, ұлтымыз бен ұрпағымыз аман, деніміз сау, еңбегіміз жемісті болып, осынау мерейлі мерекемізді жарқын көңіл, жемісті еңбекпен жыл сайын бірге атап өте берейік!

                                                                                 

Бас директор                                                                      С. Мусинов