Өзбекстанның сараптамалық органының өкілдері ДЗСҰОның Зертханалары бар сынақ орталығында тәжірибе алмасты

06.10.2022

Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сараптау ұлттық орталығының Зертханалары бар сынақ орталығында ISO/IEC 17025 «Сынақ және калибрлеу зертханаларының құзыреттілігіне қойылатын жалпы талаптар» және Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының тиісті тәжірибелері бойынша оқыту тренингі өтті. Тренинг PQM+ дәрілік заттардың сапасын ілгерілету жөніндегі бағдарламаның қолдауымен ұйымдастырылды. Оқытушы PQM+ кеңесшісі Офелия Вильва Рохас болды.

Тренинг шеңберінде Өзбекстанның Дәрілік заттарды, медициналық мақсаттағы бұйымдар мен медициналық техниканы сараптау және стандарттау мемлекеттік орталығы өкілдерінің Ұлттық орталықтың Алматы қаласындағы филиалының Зертханалары бар сынақ орталығына сапары ұйымдастырылды. Төрт күн бойы Өзбекстанның сынақ зертханаларының сарапшылары қазақстандық әріптестерінің жұмыс тәжірибесін зерттеді.

Айта кетейік, Орта Азия елдеріндегі PQM+ бағдарламасы Қазақстаннан басқа Өзбекстан мен Тәжікстанның реттеуші органдарына дәрілік заттардың сапасын ілгерілетуде қолдау көрсетеді.

Тренингтің практикалық бөлігінде сынақ орталығының қызметкерлері зертханалық сынақтарды жүргізу кезінде ескерілуі және қатаң сақталуы қажет мәліметтер мен талаптарды түсіндірді, сондай-ақ ультракүлгін спектрофотометрді пайдалана отырып, «Еріту» көрсеткіші бойынша және тиімділігі жоғары сұйық хроматографты пайдалана отырып, «Сандық анықтау» көрсеткіші бойынша сынақтарды демонстрациялады.

Сынақ орталығының жетекшісі Ақмарал Қабденованың айтуынша, Зертханалары бар сынақ орталығы негізіндегі кездесу зертханалық тәжірибелердің өзекті мәселелерін талқылау, мамандар арасында тәжірибе алмасудағы және алған білімдерін тәжірибеде сәтті қолдану үшін жақсы алаң болды.

Айта кетерлігі, Зертханалары бар сынақ орталығы ISO/IEC 17025 халықаралық стандартының талаптарына және дәрілік заттардың сапасы жөніндегі Еуропалық директораттың (EDQM) директиваларына сәйкес аккредиттелген. Ағымдағы жылы Орталық Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Алдын ала квалификациялау шеңберінде инспекциялық аудиттен өтті.