Сарапшы пікірі: Өзіңді вирустардан қалай қорғауға болады?

30.01.2020

Қыс уақытында вирустық инфекциялардың таралу ауқымы ырық бермей кетеді. Олар адамнан адамға оңай беріледі және ауырлығы әртүрлі респираторлық аурулар туғызуы мүмкін. Медицина ғылымдарының докторы, профессор, ДЗСҰО сарапшысы, Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі Халықты иммунизациялау жөніндегі ұлттық кеңестік комиссия мүшесі Жаннат Сатыбалдиева ауырмау үшін қандай ережелерді қадағалау қажет екені туралы әңгімеледі.

- Жаннат Әбенқызы, адамдар жылдың суық мезгілінде вирустық инфекцияның қандай түрлеріне шалдығады?

-  Бәрінен бұрын, олар - жедел респираторлық вирустық инфекциялар (ЖРВИ). ЖРВИ өршуіне көптеген вирустар түрткі болады – бұл тұмау, паратұмау, аденовирустар, респираторлық-синцитиальді вирус, коронавирустар және тағы басқаларын қоса, 200-ден астам түрлері есептеледі. Респираторлық инфекциялардың ең көп ауыр түрлері – бұл тұмау,  атиптік пневмония және соңғы күндері пайда болған коронавирустың жаңа түрі, осы соңғы аталған дерт аурудың ауыр ағымына және өлімге көп ұшырауға байланысты әлемдік қауымдастықтың ерекше назарын шоғырландырған нысанға айналып отыр.

- Вирустық инфекциялардан қорғанудың қандай да бір жалпы ережелері бар болу керек. Солар туралы әңгімелесеңіз.

-  Бірінші кезекте үрейге берілудің мәні жоқ. Респираторлық вирустық инфекциялар профилактикасының жалпы қағидаларын есте ұстау қажет, оларды қадағалау арқылы ЖРВИ ауруларына жол бермеуге және оларға шалдығу ықтималдығын едәуір дәрежеде төмендетуге болады.

ЖРВИ және тұмауды дәрі-дәрмекпен емдеудің және олардың алдын алудың дәлелденген әдістері болмағандықтан, олардан сақтанудың ең ықпалды шаралары гигиенаны қадағалау, салауатты өмір салтын ұстану, шынығу, теңестірілген құрамда дұрыс тамақтану болып табылады. 

Бетперде тағып алу қажет, әсіресе, оны  сырқаттанған адамның тағып жүруі маңызды. Дені сау тұлға да адамдар көп жиналатын жерлерге барғанда бетперде тағып алу қажет,  ал ең дұрысы – әсіресе, эпидемия маусымында ондай қалың көпшілік ортасына бармаған да дұрыс. Бетпердені қоғамдық көлікте де тағып алған жөн. Оларды әр 2-3 сағат сайын ауыстырып, ал пайдаланылғандарын тастау керек.

- Ал, егер ауырған адаммен, мысалы, жұмыста араласып-құраласуға тура келсе, не істеу керек?

 - Басты қағида – орынжайды тұрақты желдетіп, ауаны ылғалдандырып алу қажет. Ауаны тазарту – аурудың алдын алудың ең негізгі және тиімді қағидаларының бірі. Қолыңызды жуыңыз! Мүмкіндігінше, жиірек сабындап жуып тұруға көңіл бөліңіз. Науқастың қолы да мұрын мен ауыздан кем түспейтін вирустың көзі болып табылады. Науқас өзінің бетін сипайды, сосын айналасындағының бәрін қозғайды, сіз қолыңызға «жұқпа түскен»  затты ұстауыңыз, ізінше ауырып қалуыңыз мүмкін. Қол жуудан тыс, өзіңізбен бірге зарарсыздандыратын сүрткілер, спрей алып жүріңіз. Түскі үзілісте таза ауада серуендеп қайтуға тырысыңыз. Мұрын шырышты қабығының жай-күйін қадағалаңыз, танауыңызды әлсіз тұз ерітіндісімен ылғалдандырыңыз, спрейден босап қалған құтыға құйып алып, физиологиялық ерітіндімен немесе мұрынды жуып-шаюға арналған әртүрлі ерітінділермен жуып тұрыңыз, аузыңызды шайыңыз. Көбірек сұйықтық - су, шырын, шай және т.б. ішіңіз.

Осы, бір қарағанда, қарапайым болып көрінетін қағидалардың ЖРВИ ауруларының алдын алуда маңызы өте зор, оларды қадағалай отырып, жұқпа жұқтыру қаупін едәуір дәрежеде төмендетуге болады. Әманда аман-сау болыңыз!

 

Баспасөз қызметі