Шымкентте «Аман болайық!» отбасылық денсаулық мейрамы өтті

24.06.2013

Биылғы жылдың 16 маусымында Шымкенттегі Абай атындағы демалыс саябағында «Santo Member of Polpharma» компаниясының қолдауымен Медициналық қызметкер күніне орай балалар мен ересектерге арналған мейрам ұйымдастырылды.

Қаланың тұрғындары мен қонақтарына арналған мерекелік шараның ашылуына әкімдіктің, облыстық денсаулық сақтау департаментінің, сондай-ақ, «Santo Member of Polpharma» компаниясының өкілдері қатысты.

Баланың болашағы қуаныш пен бақытқа толы болуы үшін оны кішкентайынан салауатты өмір салтына баулудың маңызы зор. Осы іспеттес отбасылық іс-шаралар салауатты өмір салтын құруды насихаттайтын игі дәстүрге айналады деген үміттемін, - деді ОҚО денсаулық сақтау басқармасы бастығының орынбасары Әбіш Ғалымжан Матайұлы.

Күні бойы демалушылар сан алуан отбасылық жарыстарға қатысу мүмкіндігіне ие болды. Ересектер үшін байқаулар ұйымдастырылып, аналар мен әкелерге арналған блиц-сауалнамалар жүргізілді. Ал, жастарға арналған паркур элементтерін үйрететін шеберлік сыныптары өткізілді. Жас жеткіншектер болса, «Менің салауатты отбасым» атты балаларға арналған сурет байқауы мен арнайы би флэшмобында өз күштерін сынады. Ең үздік орындаушылар бағалы сыйлықтар мен жүлделерге иеленді.

Сонымен қатар, шара барысында кез-келген адам тәжірибелі дәрігерлердің, яғни кардиолог, педиатр және терапевттерден кеңес ала-алды. Медицина қызметкері күніне байланысты мерекелік іс-шараның соңында балдырғандар бейбітшілік пен Қазақстанның өркендеуінің белгісі ретінде түрлі-түсті шарларды аспанға ұшырды.

 

«Фармация Казахстана» журналы