Туберкулездің алдын алуға арналған айлықтың нәтижелері жарияланды

02.04.2013

2013 жылдың 2 сәуірінде Алматы қаласындағы Қазақстан Баспасөз клубында туберкулез дертінің алдын алу жөніндегі республикалық айлық пен Дүниежүзілік туберкулезбен күрес күнін қорытындылауға арналған баспасөз мәжілісі өтті.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының бағалауы бойынша туберкулез жұқпалы агенттің нәтижесінде қайтыс болудың себебі болып табылатын, маңыздылығы жағынан АҚТҚ/ЖҚТБ-дан кейінгі екінші орындағы сырқат. Алайда жыл сайын туберкулезге шалдығатын адамдардың саны бірте-бірте азайып келеді. Бұл туберкулездің таралу беталысына тоқтау салу жөніндегі 2015 жылға белгіленген мыңжылдық мақсатына қарай әлемнің алға басып келе жатқанын көрсетеді.

Қазақстанда туберкулезге шалдығу және оның нәтижесіндегі өлім-жітім ұзақ уақыттан бері мемлекеттік маңызға ие көкейтесті және шешімі табылмай келе жатқан мәселелердің бірі. Туберкулез әлі күнге дейін ересектер арасындағы қауіп деңгейі жоғары топтардың, яғни мигранттар, халық ішіндегі әлеуметтік жағынан қорғалмаған топтар, сотталғандар арасындағы өлім-жітімнің басты себебі болып қала беруде.

Қазақстан Республикасының әлеуметтік саясатындағы басымдық берілетін бағыттардың бірі туберкулезбен күрес болып табылады. Бұл мәселе жөнінде Қазақстан Республикасы Президенті Н.Ә. Назарбаевтың Қазақстан халқына жыл сайынғы Жолдауында баса атап өтілді.

Осы жұқпалы аурумен күресте табысқа жету, бірінші кезекте, туберкулезге қарсы денсаулық сақтау ұйымдары мен органдарының, санитарлық-эпидемиологиялық қызметтердің, жалпы емдеу желісіндегі медициналық ұйымдар мен салауатты өмір салты қызметтерінің бірлескен жұмысына және өзара тығыз әрекеттесуіне айтарлықтай тәуелді.

2012 жылдың қорытындысы бойынша осындай белгілерге жататын ауру-сырқау мен өлім-жітім көрсеткіші Қазақстан Республикасының «Саламатты Қазақстан» денсаулық сақтау саласын дамыту мемлекеттік бағдарламасында белгіленген мақсатты көрсеткіштерден төмен болғандығы анықталған.

2011 жылмен салыстырғанда халықтың туберкулезге шалдығуының 100 мың адамға шаққандағы көрсеткіші 2012 жылы жалпы республика бойынша 86,6-дан 82,7-ге дейін 5,8%-ға төмендеген.

Туберкулез нәтижесіндегі өлім-жітімнің 100 мың адамға шаққандағы көрсеткіші  2011 жылдағы 8,4 ауру санына қарсы 7,2-ді құрап, 2,5%-ға төмендеген.

Фтизиатрия саласындағы айқын табыстарға қарамастан, республикада туберкулезге шалдығудың, профилактикалық тексеріс кезінде туберкулездің «жұқпалы» түрлерін анықтаудың және туберкулезді жұқтыруға бейім тұлғалардың, әсіресе жасөспірімдер арасындағы ауру-сырқаудың жоғары деңгейі сақталып отыр.

Баспасөз мәжілісі «Мен тірі тұрғанда туберкулезді тоқтатыңдар!» ұранымен 23 ақпаннан бастап 23 наурызға дейінгі кезеңді қамтып, халық ішіндегі туберкулездің алдын алу жөнінде жүргізілген республикалық айлық пен 24 наурызда өткен Дүниежүзілік туберкулезбен күрес күнінің аяқталуына орайластырылып отыр.

Дүниежүзілік күн мен айлықтың мақсаты – халықтың туберкулез және медициналық көмекке дер кезінде жүгіну қажеттілігі туралы ақпараттандырылу деңгейін жоғарылату, халық арасында, әсіресе жасөспірімдер мен жастар ішінде салауатты өмір салтын насихаттау, туберкулез мәселесіне қоғамның назарын аудару.

Салауатты өмір салты қызметінің негізгі ақпараттық-білім беру жұмысы республикадағы эпидемиологиялық жағдайды ескере отырып, туберкулез мәселелері жөніндегі Ұлттық орталықтың, Санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау қызметінің, USAID, PSI халықаралық ұйымдарының қолдау көрсетуімен жүргізілді. Аталған шара негізінен бала көтере алатын жастағы әйелдерге, емізулі балалары бар ата-аналарға, бала туу жасына жеткен әйелдердің дер кезінде флюорографиялық тексеруден өту қажеттілігі туралы, нәрестелердің барлығына олардың өмірінің алғашқы 4 күнінде перзентханада БЦЖ вакцинасын егу мәселелері туралы ақпарат беруге бағытталды, сондай-ақ, ақпараттандыру жұмыстары жастардың, олардың ата-аналарының, әйелдерге кеңес беру мекемелерінің, балалар емханаларының, туберкулезге қарсы диспансерлердің қызметкерлері арасында жүргізілді.

Дүниежүзілік туберкулезбен күрес күні мен айлық шеңберінде Алматыда Туберкулез мәселелері жөніндегі ұлттық орталықтың басшылығымен және Салауатты өмір салтын қалыптастыру мәселелері жөніндегі ұлттық орталықтың, USAID, PSI ұйымдарының қолдау көрсетуімен Республика сарайының алаңында промо-науқан мен ғылыми-тәжірибелік конференция, БАҚ журналистеріне арналған баспасөз кафесі, туберкулезге қарсы диспансерлер мен облыстық салауатты өмір салтын қалыптастыру орталықтарының мамандарына арнап туберкулез туралы ақпараттық материалдарды әзірлеу бойынша елдік тренинг өткізілді. БАҚ беттерінде туберкулез мәселелерінің жариялануына ынталандыру мақсатында айлық өткізілген кезеңде республикалық басылымдарда осы тақырыпта жарияланған үздік мақалалар үшін журналистер арасында байқау, сондай-ақ, халық ішіндегі және жалпы білім беру мектептерінің оқушыларының ішінен туберкулезге шалдыққандарды анықтау және туберкулез белгілері мен оның алдын алу шараларын жақсы меңгерген Алматы қаласындағы алғашқы медициналық-санитарлық көмек дәрігерлері арасында байқау өткізілді.

 

ҚР ДСМ Салауатты өмір салтын

қалыптастыру жөніндегі ұлттық

орталықтың баспасөз қызметі