Жалған дәрі-дәрмектерге бақылау күшейтілуде

10.04.2013

Алматыдағы базарлар мен дәріханаларда сапасыз, жалған дәрі-дәрмектер кездесуі мүмкін. Халықаралық сарапшылар еліміздегі контрафактілік препараттардың айналымы 10 пайызды құрайтынын айтады. Алайда, бұл ақиқатқа сай келмейді, шын мәнінде 1 пайызға да жетпейді,- дейді фармацевттер. Десе де олар Кедендік Одаққа мүше болғандықтан, жалған дәрілердің көбеюі мүмкін екенін де жасырмайды.

БОТАГӨЗ СМАҒҰЛОВА, ҚР ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ МИНИСТРЛІГІ МЕДИЦИНАЛЫҚ ЖӘНЕ ФАРМАЦЕВТИКАЛЫҚ ҚЫЗМЕТТІ БАҚЫЛАУ КОМИТЕТІНІҢ БАС САРАПШЫСЫ:

  • Біз өндірушілердің өз өнімдерінің көшірмесін байқағандығы жөнінде ресми түрде келгенін күтеміз. Қазір, контрафактінің айырмасын байқау өте қиын. Тіпті өндірушілердің өздері байқамай қалады.

Мұндай жағдайлар орын алмас үшін, былтыр Денсаулық сақтау министрлігі екі қозғалмалы зертхана сатып алған. Олар қазір Алматыда. Бұл арнайы тексеру кезінде, қорабы бұзылмаған күйі жедел-сараптама жасауға мүмкіндік береді. Егер, дәрі күдік туғызса, әрі қарай мамандандырылған зертханада тереңірек зерттелетін болады. Ресейде мұндай 8 зертхана бар екен.

БОТАГӨЗ СМАҒҰЛОВА, ҚР ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ МИНИСТРЛІГІ МЕДИЦИНАЛЫҚ ЖӘНЕ ФАРМАЦЕВТИКАЛЫҚ ҚЫЗМЕТТІ БАҚЫЛАУ КОМИТЕТІНІҢ БАС САРАПШЫСЫ:

  • Әлемде жалған дәрі-дәрмектер көлемі азаймақ тұрмақ, көбейіп бара жатыр. Әсіресе мемлекеттік бақылау аз елдерге көп еніп кетеді. Ал, біздің елімізде мемлекеттік тіркеу, сертификат беру өте қатал жүргізіледі.

Жалпы, қауіпсіздігі мен сапасына байланысты жыл сайын 3 мыңнан аса препарат тексеруден өтсе, оның 300-ге жуығы тіркелмейді екен. Ал, былтыр нарықтан 15 дәрілік зат алынып тасталыпты. Ұлттық зерттеу орталығында олардың адам ағзасына қауіпті екендігі анықталған.

РАУШАН ТҰРЫСБЕКОВА, ДӘРІЛІК ЗАТТАР МЕН МЕДИЦИНАЛЫҚ ӨНІМДЕРДІҢ ҚАУІПСІЗДІГІ МЕН САПАСЫН БАҒАЛАУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСТЫҒЫ:

  • Бұл сапа көрсеткіштері, таблетка салмағының өзгеріске ұшырауы, қорабы мен маркалауға қатысты ережелердің бұзылуы.

Елімізде Эссенциале, Мезим-форте, Ношпа сынды кең тараған дәрі-дәрмектердің көшірмесі көп кездеседі,- дейді мамандар. Олар тұрғындарға кең жарнамаланатын, бағасы арзандау препараттарға аса сақтықпен қарауды ескертеді. Жалпы, мұндай жарамсыз дәрілерді таратқандар әкімшілік жауапқа тартылып, айыппұл арқалайды. Болашақта жазаны арттыру көзделуде.

Әлия Алмауытова, Ал-Фараби Гусенцов, "Алматы" телеарнасы