«Алматы қаласы бойынша 2014 жылдың үздік провизоры» байқауының жеңімпазы анықталды

16.06.2014

Солдан оңға қарай - Салтанат Рахатовна, Татьяна Якубовна, Жания Куанышевна. 2014 жылдың 4 маусымында «Алматы қаласы бойынша 2014 жылдың үздік провизоры» кезекті жылдық байқауы өткізілді. Іс-шараны ұйымдастырушы – Алматы қ. бойынша ҚР ДСМ Медициналық және фармацевтикалық қызметті бақылау комитетінің Департаменті және дәрілік заттар айналымы саласының қоғамдық ұйымдары.

Байқау бұл жолы өзгеше сарында өтті. Жеңімпаздарды анықтауда маманның түйіндемесі мен кәсіптік портфолиосының болуы, кәсіби қызметіндегі жетістіктері жөнінде есеп беруі және бейне-таныстыру сынды өлшемдер негізге алынды. Сонымен қатар, дәрілік заттар айналымы саласындағы заңдар бойынша тестілеу нәтижелеріне де мән берілді.

Білікті қазылар алқасының шешімі бойынша бірінші орынды 12-ші қалалық клиникалық емхана дәріханасының меңгерушісі Татьяна Якубовна ТАСМАГАМБЕТОВА иеленді. Екінші орын қалалық кардиологиялық орталық дәріханасының меңгерушісі Салтанат Рахатовна КАБДЫКЕШЕВАҒА берілді. Үшінші орын иегері – «Интерфарма-Медика» ЖШС дайын дәрілік қалыптар бөлімінің меңгерушісі Жания Куанышевна МУХАМЕДЬЯРОВА.

Байқаудың жақсы жақтары тек құрметке иеленіп, шеберлігіңді көрсету ғана емес, сонымен қатар, жағымды сыйлықтар алу. Осы тұста, провизорлардың кәсіби байқауына «Штада» фармацевтикалық компаниясының Қазақстандағы өкілдігі бас демеуші болды. 

«Нижфарм Казахстан» ЖШС-тен жеңімпаздарға тұрмыстық техника алуға мүмкіндік беретін сертификаттар сыйға берілді. Мұнымен қоса,  аруларымызға «Аптека плюс» компаниясынан косметикалық жиынтықтар тарту етілді.

Алматы қаласының үздік провизорларын шын жүректен құттықтай отырып, Татьяна Тасмаганбетоваға Астанада өтетін республикалық байқауда жеңіс тілейміз.

 

Ж. КЕНЖЕГАЛИЕВА