«Кәсібінің үздігі» республикалық байқауының жеңімпаздары марапатталды

23.06.2015

ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің мамандары жыл сайын маусым айының үшінші жексенбісінде атап өтілетін Медицина қызметкерлері күні аясында «Кәсібінің үздігі» республикалық байқауының қорытындысын шығарды.

Үстіміздегі жылдың 19-ншы маусымында Астанадағы Бейбітшілік және келісім сарайында «Медицина қызметкері» күніне арналған салтанатты жиын болды. Шара аясында 12 аталым бойынша өткізілген «Кәсібінің үздігі» республикалық байқауының жеңімпаздары дипломдармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды. Салтанатты жиынға ҚР Премьер-министрінің орынбасары Бердібек САПАРБАЕВ, ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Тамара ДҮЙСЕНОВА, ҚР Парламент депутаттары, көрнекті қоғам қайраткерлері және еліміздің медицина қоғамдастығының өкілдері қатысып, құттықтау сөз сөйледі.

– Ардақты ақ халатты абзал жандар! Әрбір мемлекеттің дамуы, болашағы оның адами капиталына байланысты. Дені саудың – жаны сау. Сондықтан, әрбір мемлекет өзінің болашағы үшін денсаулық сақтау саласына үлкен көңіл бөледі. Мемлекеттің көмегі әрбір өңірде жүзеге асып жатыр. Тек қана, осы соңғы 2 жылдың ішінде жаңадан 600-ден аса медициналық ғимарат салынды. Медицина саласына бөлінетін қаржы бір жарым есеге өсіп, қазір 900 млрд көлемін құрап отыр. Қазіргі уақытта Қазақстанда қиын да күрделі, бұрын біздің республикамызда жасалмайтын операциялардың бәрін де өзімізде жасауға жағдай бар. Қазақстан Республикасы Үкіметінің атынан Сіздерді бүгінгі кәсіби мерекелеріңізбен құттықтаймын. Атқарып жатқан еңбектеріңізге үлкен рахмет айтамыз. Біздің еліміздің дамыған 30 мемлекеттің қатарына енуі бірден-бір сіздерге байланысты. Неғұрлым қазақстандықтардың денсаулықтары мықты болса, олардың еңбек әлеуеті де арта түседі. Сондықтан, Сіздердің атқарып жатқан қызметтеріңізге, тағы да, мың да бір рахмет, – деді Бердібек Сапарбаев.

Ал, министр өз құттықтауында кейінгі жылдары ел тұрғындарының денсаулығын қорғау бойынша ауқымды шаралар қабылданып жатқанын, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың жүргізіп отырған саясатының ұлт болашағы үшін жасалып жатқан қамқорлығының арқасында екенін атап өтті.

– Құрметті әріптестер, медицина қызметкерлері күнінде сіздерді және сіздер арқылы еліміздің түпкір-түпкірінде осы салада қызмет етіп жүрген дәрігерлерді, мейіргерлерді, санитарларды, фармацевттерді, денсаулық сақтау саласы үшін кадр даярлайтын ғалымдар мен оқытушыларды кәсіби мерекесімен шын жүректен құттықтаймын. Сонау Гиппократ заманынан бері адамзаттың тәні мен жанын сауықтыру қиын әрі ізгі іс болып саналады. Кездейсоқ медицина қызметкері болу мүмкін емес. Адамгершілік, мейірбандық, жанашырлық ақ халатты абзал жандардың қанына сіңген қасиет. Халыққа қызмет етіп жүрген адал азаматтарға бүгінгі төл мерекесінде денсаулық, отбасыларыңызға амандық, жұмыстарыңызда кәсіби сәттілік тілегім келеді, – деп тілегін білдірді Тамара Дүйсенова.

Байқауға өз аталымдары бойынша өңірлік байқаулардың жеңімпаздары болған Қазақстанның барлық өңірлерінің медицина қызметкерлері қатысты. Жеңімпаздарды Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі, Республикалық денсаулық сақтауды дамыту орталығы, медициналық ұйымдар және үкіметтік емес ұйымдардың өкілдерінен құралған арнаулы комиссиялар анықтады.

Байқау барысында әрбір қатысушы өзінің кәсіби қызметі жөнінде есебін ұсынып, таныстырылым жасады. Жеңімпаздарды анықтау барысында олардың біліктілік деңгейі, жұмыс өтілдері, салаға қосқан жеке үлесі есепке алынды. Салтанатты жиында 12 аталым бойынша «Кәсібінің үздігі» республикалық байқауының жеңімпаздары марапатталды. Сонымен, әр аталым бойынша жеңімпаздар деп танылғандар: «Үздік дәрігер» номинациясына Павлодар облыстық балалар ауруханасының травматологы Бақытбек ТЕКІМАНОВ ие болды, «Үздік ауыл дәрігері» атағы БҚО Зеленов орталық аудандық ауруханасының жалпы тәжірибе дәрігері Қарлығаш АСҚАРОВАҒА бұйырды, «Үздік менеджер-денсаулық сақтау саласының ұйымдастырушысы» болып Алматы қалалық №4 клиникалық ауруханасының бас дәрігері Әнуар АМАНОВ танылды. Ал, «Үздік мейіргер» номинациясымен Қостанай қалалық балалар ауруханасының жансақтау және қарқынды терапия бөлімінің мейіргері Оксана ТКАЛЕНКО марапатталды, «Үздік фельдшер» Алматы қалалық жедел медициналық жәрдем қызметінің бас фельдшері Қанат ҚҰРМАНОВ, «Үздік денсаулық сақтау саласының тәуелсіз сарапшысы» Ақмола облыстық ауруханасының операциялық блогының меңгерушісі Асқар РАШИТОВ, «Үздік ЖОО оқытушысы» болып Семей қаласының Медициналық мемлекеттік университетінің ішкі аурулар кафедрасының доценті Людмила ПИВИНА танылды, «Үздік колледж оқытушысы» атағына Республикалық медициналық және фармацевтикалық қызметкерлерді даярлау және қайта даярлау колледжінің ғылыми әдістемелік орталығының оқытушысы Светлана САХИШЕВА ие болды, «Үздік түлек» болып Астана медицина университетінің түлегі Анастасия РОГОВАЯ танылды, «Үздік ғалым» номинациясы Қарағанды медициналық университетінің ғылыми-зерттеу орталығының директоры Ілияс ӘЗИЗОВКЕ бұйырды, «Үздік санитар дәрігер» атағын Лаура НАСЫРОВА алды.

Бұл шараға дейін Астанада еліміздің үздік провизоры таңдалған болатын. Нәтижесінде жылдың үздік провизоры болып бірінші орынды иеленген «Жаңа мед-ПВ» ЖШС-нің директоры Евгений БОЛЬГЕР танылды. Оған 130 мың теңгелік жаздық демалуға жолдама сыйланған болатын. Ал, салтанатты жиында ол «Үздік провизор» марапатына ие болды. Үздік провизор байқауында екінші орынды Айгүл Нұрланқызы ӨМІРЗАҚОВА алды. Ол Маңғыстау облысындағы «Умирзакова» ЖК провизоры болып қызмет атқарады. Екінші орын иегеріне 30 мың теңгелік «Технодом» сертификаты тапсырылды. Ал, үшінші орын БҚО «Медицина ортылығы» ЖШС дәріханасының меңгерушісі Әйгерім Жасұланқызы ЖҰМАШЕВА мен Қостанай облыстық «Забота Company LTD» №7 дәріханасының меңгерушісі Аягөз Сәбитжановна ҚҰРМАНҒАЛИЕВАҒА бұйырды. Оларға 20 мың теңгеге тауар алуға болатын «Технодом» сертификаты сыйланды.

Сонымен қатар, салтанатты шарада «Мейірім» аталымында КСРО және Қазақ КСР құрметті доноры, қан донациясы саны жағынан әлемде 2-ші орын алатын Александр СКАКОВСКИЙ жеңімпаз боп танылды. Жеңімпаздарға дипломдар мен сыйлықтарды ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі, ҚР Парламент депутаттары және көрнекті қоғам қайраткерлері табыстады. 2015 жылдың «үздік дәрігері» атанған Павлодар облыстық балалар ауруханасының травматологы әрі нейрохирургы Бақытбек Санатбекұлы ең алдымен бұл мейрамға жеткізген өз әріптестеріне алғысын білдірді.

– Бұл мен үшін үлкен жетістік. Осы ретте, өзімнің әріптестеріме үлкен алғыс айтқым келеді. Өйткені, олардың берген білімі, айтқан ақыл-кеңестері маған көп көмектесті. Онсыз бұндай мейрамға мен қатыса алмас едім деп ойлаймын. Екіншіден, біздің еңбегіміздің жоғары бағалап жатқан Денсаулық сақтау министрлігіне көп-көп рахмет. Бұл сый-құрмет біздерді жаңа жетістіктерге жетелейді, – деді 13 жыл жұмыс өтілі бар балалар травматологы Бақытбек Текіманов.

«Үздік ауыл дәрігері» атанған БҚО Зеленов орталық аудандық ауруханысының жалпы тәжірибе дәрігері Қарлығаш Асқарова жас маман ретінде мынадай байқауға қатысу үлкен абырой екенін айтты. Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина академиясын тәмамдаған Қарлығаш ауыл тұрғындарының денсаулығын жақсартуға бар күшін салуға уәде етті.

Денсаулық сақтау жүйесіне елеулі үлес қосқан еліміздің медициналық қызметкерлері ҚР Үкіметінің алғыс хаттарымен марапатталды. Аталған шараның бас демеушісі «Биола» медициналық фармацевтикалық компаниясы болып табылады. Бұл компания Қазақстан нарығына жоғары сапалы дәрілік препараттар, тамаққа қосатын биологиялық белсенді қоспаларды, медициналық мақсаттағы бұйымдарды, парамедициналық бұйымдарды, Шығыс және Батыс Еуропа, АҚШ, Индия және Қытайдың ірі өндірушілерінің ілеспелі тауарлары мен косметикаларын жеткізеді. «Биола» компаниясы жұмыс істейтін компаниялардың барлығының ISO және GMP сертификаттары бар.

Бұл байқау кәсіптің беделін арттыруға, медицина саласының мамандарының кәсіптік шеберлігін, бастамасы мен шығармашылық күш-қуатын жетілдіруге септігін тигізетін тамаша дәстүрге айналды.

Әзірлеген Назгүл НҮСІПҚОЖАЕВА