ДЗСҰО-да сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәселелері бойынша семинар өтті

18.09.2020

Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сараптау ұлттық орталығының Зертханалық сынақтар орталығы қызметкерлерінің қатысуымен «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәселелері жөніндегі новеллалар» тақырыбында онлайн семинар өтті.

Семинарды Нұр-Сұлтан қаласы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаменті басшысының бірінші орынбасары Жазира Жылқышиева өткізді.

Семинар барысында спикер сыбайлас жемқорлық үшін жауапкершілікті күшейтуге бағытталған негізгі жаңалықтар, сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатты іске асыру тетіктері, мемлекеттік қызмет жүйесінде сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарға қарсы күрес және оның алдын алу, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті насихаттау туралы айтты.

Сондай-ақ, ол ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: Іс-қимыл кезеңі» Жолдауының тармақтарына толығырақ тоқталды. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті күшейту - Мемлекет басшысы Жолдауының басты бағыттарының бірі екені белгілі. Сыбайлас жемқорлық факторларын анықтау үшін мемлекеттік органдарда, сондай-ақ квазимемлекеттік секторда нормативтік актілер мен жұмыс процестеріне сыбайлас жемқорлыққа қарсы талдау жүргізілетін болады. Болашақта Қылмыстық кодекске сыбайлас жемқорлық әрекеттері үшін жазаны қатаңдату бөлігінде өзгерістер енгізіледі.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес тек құқық қорғау жүйесі үшін ғана емес, бүкіл қоғам үшін де міндет, өйткені кері байланыссыз осы салада қандай да бір жетістікке жету мүмкін емес. Осыған байланысты, семинар қатысушыларына 1424 сall-орталығының қызметі туралы ақпарат берілді. Бірыңғай нөмірге қоңырау шалып, әрбір азамат өз ақпаратын сеніп тапсыра алады немесе сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәселелері бойынша кеңес ала алады.

Орталық сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес бойынша семинарды тұрақты негізде өткізуді жоспарлап отыр.