ДЗСҰО Фармакотерапия қауіпсіздігі апталығында дәрі-дәрмектерге жағымсыз реакциялар туралы белсенді хабарлауға шақырады
06.11.2023Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сараптау ұлттық орталығы (ДЗСҰО) қазақстандықтарды дәрілік заттардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге өз үлесін қосуға шақырады. Мұны Орталықтың www.ndda.kz сайтының немесе DariKZ мобильді қосымшасының көмегімен препаратқа жағымсыз реакция туралы хабарлама жіберу арқылы жасауға болады.
6-12 қараша аралығында ДЗСҰО бүкіл әлемдегі 80-нен астам реттеуші орган мен бірнеше үкіметтік емес ұйымдардың қатарында #medsafetyweek фармакотерапия қауіпсіздігі апталығына қатысады. Іс-шараны Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДСҰ) және Дәрі-дәрмектерді реттеу органдарының халықаралық коалициясының (ICMRA) қолдауымен Уппсала мониторинг орталығы (UMC) өткізеді. Бастама дәрі-дәрмектерді қолдану кезінде жағымсыз реакциялар туралы хабарламалардың маңыздылығына назар аударуға арналған. Биыл науқан «Кім хабарлай алады?» ұранымен өтеді және дәрі-дәрмектің жағымсыз әсері туралы хабарлайтын, оны қауіпсіз қолдануға ықпал ететін әр пациенттің, дәрігердің, медбикенің, фармацевтің рөліне назар аудартады.
Айта кетейік, дәрі-дәрмектерді қолдану нәтижесінде пайда болатын жағымсыз реакциялар туралы мәліметтерді жинау үшін Қазақстанда халықаралық стандарттарға сәйкес фармакологиялық қадағалау жүйесі жолға қойылған. Қазақстан Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДСҰ) дәрілік заттарға жағымсыз реакцияларды бақылау бағдарламасының қатысушысы болып табылады және анықталған жағымсыз әсерлер туралы жедел деректер UMC-ге жіберіледі. Мониторингтің мақсаты - бұрыннан белгілі жағымсыз әсерлер туралы көбірек ақпарат алу, сонымен қатар жаңа жағымсыз реакцияларды анықтау.
Ұлттық орталықтың фармакологиялық қадағалау және медициналық бұйымдардың қауіпсіздігін, тиімділігі мен сапасын мониторингтеу департаментінің басшысы Мәлік Әбдірахманов өз сөзінде жағымсыз реакциялар туралы хабарламалардың мониторингі бізге медициналық препараттардың қауіпсіздігі жөніндегі сигналдарға уақтылы жауап беруге және объективті бағалауға және тиісінше препарат туралы ақпаратты жаңартудан бастап, кейбір сыни жағдайларда препаратты нарықтан қайтарып алуды қоса алғанда, уақтылы шаралар қабылдауға мүмкіндік беретінін атап өтті.
Жыл сайын ДЗСҰО-ға дәрілік препараттар мен медициналық бұйымдарға жағымсыз реакциялар немесе күтілетін емдік әсердің болмауы туралы 3 мыңға жуық карта-хабарлама келіп түседі. Көбінесе хабарламалар антимикобактериялық, вирусқа қарсы, бактерияға қарсы, антинеопластикалық және иммуномодуляциялық препараттарға келеді. Сонымен қатар, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметтері бойынша, жүйелі қолдануға арналған инфекцияға қарсы препараттар медициналық қолдану кезінде ең көп жағымсыз реакциялар пайда болған препараттар топтамасына кіреді.
Препаратты қолданудан кейін пайда болған жағымсыз реакция туралы хабарлаудың бірнеше әдісі бар. Біріншісі – ДЗСҰО-ның www.ndda.kz сайтында жағымсыз реакция туралы хабарлама-картаны толтыру. Екіншісі -дәрі-дәрмек өндірушісіне хабарласу, оның байланыс нөмірлерін әдетте медициналық қолдану жөніндегі нұсқаулықта табуға болады. Дәрігерлер мен фармацевтер үшін де, пациенттер үшін де қол жетімді үшінші және ең жылдам әдіс – DariKZ мобильді қосымшасының «сары карталар» функциясы арқылы хабарлама жіберу. Мобильді қосымша iOS және Android платформаларында құрылғылар үшін қол жетімді.