Фармакотерапия қауіпсіздігі апталығы аясында медицина қызметкерлеріне арналған дөңгелек үстел өтті
08.11.2023Бүгін Дәрілік заттар және медициналық бұйымдарды сараптау ұлттық орталығында дәрілік заттарға жағымсыз реакциялардың мониторингіне жауапты медициналық ұйымдардың өкілдері үшін дөңгелек үстел өтті. Іс-шара Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мен Дәрі-дәрмектерді реттеу органдарының халықаралық коалициясының қолдауымен Уппсала мониторинг орталығы өткізетін #MedSafetyWeek фармакотерапия қауіпсіздігі апталығы аясында ұйымдастырылды.
Дөңгелек үстелдің мақсаты - медицина қызметкерлері арасында дәрілік заттардың қауіпсіздігі туралы хабардар болуды арттыру. Оған Астана, Алматы, Шымкент және Қазақстан өңірлерінің медицина қызметкерлері қатысты.
Дөңгелек үстелдің спикерлері ҚР ДСМ Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің фармацевтикалық қызметті бақылау басқармасының басшысы Эрик Құлшанов, Қазақстандағы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының елдік кеңсесін иммундау бағдарламасының ұлттық үйлестірушісі Қанат Суханбердиев, ДЗСҰО фармакологиялық қадағалау және медициналық бұйымдардың қауіпсіздігін, тиімділігі мен сапасын мониторингтеу департаментінің басшысы Мәлік Әбдірахманов, ДЗСҰО цифрландыру департаментінің басшысы Тимур Жұмахаев болды.
Эрик Құлшанов дәрі-дәрмектерге жағымсыз реакциялар туралы хабарламаларды толтыру алгоритмін одан әрі жетілдіру жолдары туралы айтты. Мәселен, жақын арада дәрігер толтыратын нысанның үлгісін қысқартып, тек жағымсыз әсер мен күдікті препаратты көрсете отырып, карта-хабарламаларды толтыру процесін автоматтандыру жоспарлануда. Бұдан басқа, «сары карталарды» толтырудағы белсенділікті арттыру үшін фармакологиялық қадағалау жөніндегі есепті және карта-хабарламаларды жіберетін субъектілер мен мамандар үшін денсаулық сақтау саласындағы аккредиттеу, аттестаттау және сертификаттау кезінде ынталандыру шараларын енгізу жоспарлануда.
Мәлік Әбдірахманов қатысушыларды фармакологиялық қадағалаудың нормативтік-құқықтық базасының негізгі терминдерімен және ережелерімен таныстырды, сондай-ақ пациенттерді жағымсыз реакциялар туралы ақпараттандыруға тарту тақырыбына тоқталды. Спикер атап өткендей, фармакологиялық қадағалауда дәрігер мен пациенттің өзара әрекеттесуі серіктестікке айналуы маңызды, мұнда екі тарап дәрілік қауіпсіздікті жақсартуға көмектесетін одақтас ретінде әрекет етеді.
Сондай-ақ, сарапшы дәрі-дәрмекті қолдану мен жағымсыз реакцияның дамуы арасындағы себеп-салдарлық байланыстың болуын бағалауға қажет ақпаратты ұсынды және қатысушыларды жағымсыз реакциялар туралы жеке хабарламаларды дайындау принциптерімен таныстырды. Спикер дәрі-дәрмектерге жағымсыз реакциялар туралы әрбір хабарламаның маңыздылығын атап өтті.
«Әрбір ақпарат дәрі-дәрмектің жағымсыз әсерін талдауда үлкен септігін тигізеді. Адам денсаулығына зиян келтіретін жағымсыз реакцияны мұқият бақылап, дұрыс сипаттап, «сары карта» ретінде жолдау маңызды», – деді спикер.
Қанат Суханбердиев биыл Фармакотерапия қауіпсіздігі апталығы «Кім хабарлай алады?» ұранымен өтетінін және бұл әр пациенттің, дәрігердің, медбикенің және фармацевтің дәрі-дәрмектің әсері туралы хабарлайтын және дәрі-дәрмектерді қауіпсіз қолдануға ықпал ететін негізгі рөлін көрсететінін айтып өтті. Спикер вакциналар да дәрілік заттар екенін және иммундау жүйесінің барлық деңгейлеріндегі кері байланыс иммундау бағдарламасына деген сенімді нығайту үшін өте маңызды екенін атап өтті. Ол кездесу барысында қатысушыларға интерактивті сауалнама жүргізіп, иммундаудан кейінгі жағымсыз әсерлерді бақылаудың маңызды аспектілерін түсіндірді.
Дәрі-дәрмектерге жағымсыз реакциялар туралы хабарлау тәсілдері туралы ДЗСҰО цифрландыру департаментінің басшысы Тимур Жұмахаев айтып берді. Медицина қызметкері пациентпен бірлесіп жағымсыз реакция туралы карта-хабарламаны Ұлттық орталықтың www.ndda.kz сайтында, ал пациент өздігінен DariKZ мобильді қосымшасының «сары карталар» қызметі арқылы қарапайым және жылдам әдісін қолдана отырып толтыра алады. алады. Қосымша iOS және Android платформаларындағы құрылғылар үшін қолжетімді.
Дөңгелек үстел аясында медицина қызметкерлерінің сары карталарды толтыру және жіберуге қатысты жеке тәжірибелері талқыланды. Іс-шараны аяқтай отырып, спикерлер медицина қызметкерлерін фармакологиялық қадағалау жүйесіне белсенді қатысуға шақырды.