Пациент фармакотерапия қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қалай қатыса алады
07.11.20236 қарашадан 12 қарашаға дейін бүкіл әлемде #MedsafetyWeek Фармакотерапия қауіпсіздігі апталығы өтеді. Бастама дәрілік препараттарды қолдану кезіндегі жағымсыз реакциялар туралы хабарламалардың маңыздылығына назар аударуға арналған, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДСҰ) және Дәрілік заттарды реттеу органдарының халықаралық коалициясының (ICMRA) қолдауымен Уппсала мониторинг орталығы (UMC) өткізеді.
Биылғы #MedSafetyWeek тақырыбы: «Кім хабарлай алады?». Ол жағымсыз реакция туралы хабарлауда медициналық қызметкерлер мен фармацевтер ғана емес, сонымен қатар пациенттің өзі де маңызды рөл атқаратынын атап көрсетеді.
ДЗ мен МБСҰО Фармакологиялық қадағалау және медициналық бұйымдардың қауіпсіздігі, тиімділігі мен сапасын мониторингтеу департаментінің үйлестірушісі, м.ғ.к. Гүлрайхан Миянова пациенттердің фармакотерапия қауіпсіздігін қамтамасыз етуде маңызды рөл атқаратынын атап өтті. Емдеу үдерісіне пациенттің қатысуы мен мағлұматтануы жағымсыз әсер мен медициналық қателіктердің туындау қаупін айтарлықтай төмендете алады.
Сарапшы пациенттің осы үдеріске белсенді қатысу мүмкіндігінің бірнеше жолын атады.
Мағлұматтану:
- Өзінің жай-күйі жөнінде мағлұматтану: пациенттер өздерінің аурулары, болжамды емдеу нұсқалары мен ықтимал қауіптері туралы жақсы хабардар болуы тиіс.
- Емдеу барысын түсіну: Пациент әр дәрінің өзіне не үшін тағайындалғанын, оның қалай жұмыс істейтінін және қандай жағымсыз әсерлері болуы мүмкін екенін түсінуі тиіс.
Белсенді қатысу:
- Дәріні қабылдау күнделігін жүргізу: онда дозаны және қабылдау уақытын көрсете отырып, барлық қабылданған препараттарды жазып отыру керек.
- Емдеуді талқылауға қатысу: Пациенттер дәрігерлерге сұрақтар қоюға және емдеудің болжамды баламалары мен зардаптарын талқылауға құқылы.
Коммуникация:
- Аллергиялар және алдыңғы реакциялар туралы нақты мәлімдеу: Дәрігерге барлық аллергиялар мен бұрын дәрі-дәрмекке болған реакциялар туралы хабарлау маңызды.
- Басқа жай-күйлері туралы хабарландыру: Пациент дәрігерді ағымдағы барлық ауруларынан хабардар етуі тиіс, себебі бұл препараттарды таңдауға және оның қауіпсіздігіне ықпал етуі мүмкін.
Нұсқаулықтарды түсіну және қадағалау:
Препараттарды қабылдау бойынша нұсқауларды қадағалау: Дәрілерді дозалау және қабылдау кестесі бойынша нұсқауларды дәл орындау маңызды.
Өз бетімен емделмеу: Дәрігермен кеңесусіз препараттар қабылдауды өз бетінше бастауға, тоқтатуға немесе дозасын өзгертуге болмайды.
Фармакологиялық қадағалау:
Жағымсыз әсерлер туралы хабарлау: Емдеуші дәрігерге дәрілік заттарға кез келген жағымсыз әсерлер немесе әдеттен тыс реакциялар туралы мәлімдеу және онымен бірге сары картаны толтыру маңызды.
Егер пациентте жағымсыз әсер пайда болса, ол бұл жөнінде DariKZ мобильді қосымшасының көмегімен Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сараптау ұлттық орталығына тікелей хабарлай алады. Хабарламаны Darikz мобильді қосымшасының «Сары карталар» қызметі арқылы жіберу керек. Қосымша iOS және Android платформаларындағы құрылғылар үшін қолжетімді.
Ақпараттанған және белсенді пациент болу – бұл елдегі қолжетімді дәрілік препараттардың қауіпсіздігін және сапасын қамқорлайтын жүйенің маңызды бөлігі болу деген сөз.