DariKz мобильді қосымшасын 135,5 мыңнан астам адам жүктеп алды

18.11.2020

Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сараптау ұлттық орталығы әзірлеген DariKz қосымшасында Қазақстанда тіркелген дәрілік заттар туралы жан-жақты ақпарат бар. DariKz қосымшасының көмегімен дәрі-дәрмектің бағасын, қажетті сертификаттарды тексеріп, пайдалану   нұсқаулығымен толық танысуға болады.

Мобильді қосымшаны жүктеп алған пайдаланушыға дәрілік заттың дозасы/концентрациясы, сақтау мерзімі, дәрілік препараттың сақтау мерзімі, ерекше белгілері, дәрінің түпнұсқа әлде дженерик екені, рецепті немесе рецептсіз дәрі туралы ақпарат қолжетімді.

Сонымен қатар, егер препараттың құны заңмен бекітілген шекті бағадан жоғары болса, онда DariKZ қолданушылары мобильді қосымша арқылы онлайн-шағымдана алады. Шағымдар одан әрі шаралар қабылдау үшін тиісті реттеуші органның аумақтық департаменттеріне жіберіледі.

Биыл қаңтар айынан бастап бүгінге дейін мобильді қосымша арқылы Медициналық және фармацевтикалық бақылау департаменттеріне жоғары бағаға қатысты  198 шағым түскен,  оның 111-і шілде айында тіркелді. Шағымдардың көбі Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларына және Алматы облысына тиесілі.

Қосымшаның деректер базасына 18 мыңға жуық дәрі енгізілген, олардың 6500-іне шекті баға белгіленген.

Бүгінде DariKZ қосымшасында ең көп қаралған дәрі - парацетамол, оны  34 мыңнан астам рет іздеген.

DariKz мемлекеттік, орыс және ағылшын тілдерінде Android Және IOS платформасында жұмыс істейді. Мобильді қосымшаны Google Play және AppStore-дан тегін жүктеп алуға болады. Бүгінгі таңда қосымшаны 135,5 мыңнан астам қолданушы жүктеп, қолданады.

Жүктеуге арналған сілтемелер: https://play.google.com/store/apps/details?id=kz.dari және https://apps.apple.com/kz/app/darikz/id1518808783