Дәрілік заттарды сараптау ұлттық орталығында ҚР Тұңғыш Президенті күніне мемлекеттік тілде диктант жазу шарасы өтті

30.11.2021

        ҚР ДСМ Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сараптау ұлттық орталығында Нұрсұлтан қаласындағы Бас кеңсе және Алматы, Тараз, Қарағанды қалаларындағы бөлімшелерден 200 ге жуық қызметкердің қатысуымен онлайн режимінде 1 желтоқсан – Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күніне және 16 желтоқсан – Тәуелсіздіктің 30 жылдық мерейтойына межеленген қазақ тілінде диктант жазу шарасы өткізілді.

    

      Қазіргі уақытта көптеген ұйымдардың жұмыстарын орыс тілінде жүргізуі мен жиындарын орыс тілінде өткізуі дағдыға айналып кеткенін ескерсек, бұл шара Дәрілік заттарды сараптау ұлттық орталығында қызмет атқаратын әрбір Қазақстан азаматының ұлт перзенті ретіндегі парызын еске салған, ана тілін - қазақ тілін білуге, жете меңгеруге құлшынысын арттырған елеулі оқиға болғанын атап өтеміз.

    

      Диктант «Тәуелсіздік - басты құндылығымыз» деп аталды. Еліміз ата-бабамыз сом білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен қорғап қалып, ұрпақтарына аманаттаған шекарасы ұланғайыр атамекенімізде мың өліп, мың тіріліп, тар жол, тайғақ кешулерден, дәуірлік даму және өрлеу белестерінен өтті. 1991 жылы егемендігін жариялаған, тәуелсіздігін төрткүл дүние мойындаған көп этносты мемлекетімізде ұлтаралық келісімді сақтау мен нығайтудың айрықша үлгісі болып отырған республикамыздың осы отыз жыл жүзінде жеткен жетістіктері мәтінде қысқаша баяндалды.  

  

      Диктант сабағын ұйымдастыру, жаздыру, тексеру, 1-10 ұпай аралығында бағалау міндеті ұжымдық идеология ошағы – Аударма және тілдерді дамыту басқармасының сарапшы-аудармашы мамандарына жүктелді.

      Сонымен қатар, мерекелер аясындағы диктант жазуға белсенділікпен қатысқан қызметкерлерге басшылық атынан алғыс  айтылды. Диктант нәтижесі шығарылып, сауаттылық сынынан сүрінбей өткен үздік көрсеткіш иелері анықталады. Бұл әр тәулік, әр сағаты халық денсаулығы үшін жауапты шептегі тынымсыз еңбекке толы ұжымда ҚР Конституциясында «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі – қазақ тілі» деп атап көрсетілген туған тіліміздің мәртебесіне лайықты жемісті күн болды.