Дәрілік заттардың 77% рецепт бойынша қатаң түрде беріледі

23.11.2020

2020 жылғы 23 қарашадағы жағдай бойынша Қазақстанда дәрілік заттардың 7,4 мыңнан астам атауы тіркелген, оның ішінде дәрігердің рецепті бойынша 5 736 (77 %), рецептсіз – 1 691 дәрі-дәрмек беріледі.

Дәрілік заттарды рецеппен босату Ережесі денсаулық сақтау министрінің «Дәрілік заттарды рецептімен беруге жатқызу ережесін бекіту туралы» бұйрығымен регламенттеледі. Дәрілік заттың рецептілік препаратқа жататындығын немесе жатпайтынын дәрілік заттарды мемлекеттік тіркеу, қайта тіркеу, дәрілік препараттың тіркеу дерекнамасына өзгерістер енгізу кезінде мамандандырылған сараптама жүргізу нәтижелері бойынша берілген сараптама ұйымының қорытындысы негізінде дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың айналысы саласындағы мемлекеттік орган белгілейді.

Рецепт бойынша қатаң түрде босатылатын дәрілерге микробқа қарсы және гормондық препараттар, құрамында есірткі және психотроптық заттар бар дәрілік заттар және т. б. жатады.

«Бұл тізімге препаратты медициналық қолдану жөніндегі нұсқаулықтың талаптарын сақтамау салдарынан адам денсаулығына қауіп төндіретін дәрілік заттар (мысалы, антибиотиктер) енгізілген, олар дұрыс қолданылмағанда жағымсыз реакциялар тудыруы мүмкін, мысалы, дәрі-дәрмекке төзімділік, түрлі уланулар, тоқтату синдромы немесе тәуелділіктің дамуы. Тек ауруханада қолданылуы керек дәрі-дәрмектер бар, оларды тағайындау және одан әрі қолдану дәрігердің тұрақты бақылауымен жүргізілуі керек. Орталық сарапшылары мамандандырылған сараптама сатысында дәрілік заттардың фармакологиялық қасиеттерін, қолдану тәсілдерін, жанама әсерлерін, уыттылығын, репродуктивтік қызметке әсерін, қауіпсіздігі мен тиімділігін зерттеу нәтижелерін бағалайды. Осыдан кейін ғана дәрілік препаратты рецеппен немесе рецептісіз босату бойынша қорытынды беріледі», - деп хабарлады ДЗСҰО-ның дәрілік заттар жөніндегі бас директордың орынбасары Баян Молдахметова.

Дәрігердің рецептісіз дәрумендер, сироптар, шөп шайлары босатылады.

Егер бұрын рецепттер тек қағаз түрінде жазылған болса, енді электронды түрде де толтырылады. Бекітілген формадағы бланкілерде тиісті медициналық көрсетілімдер болған кезде дәрігер рецептілер жаза алады. Қағаз түріндегі рецептілер дәрігердің қолымен, электрондық форма – дәрігердің электрондық цифрлық қолтаңбасымен расталады.

Қазақстан Республикасында тіркелмеген және қолдануға рұқсат етілмеген дәрілік заттарға рецептілер жазылмайды.

ДЗСҰО-ның дәрілік заттарды мамандандырылған сараптау департаментінің директоры Ғалия Жансаринаның айтуынша, азаматтардың тұмау мен суықтың аздаған белгілері кезінде антибиотиктер мен басқа да дәрілерді бақылаусыз қолдануы жиі кездеседі, ал коронавирус пандемиясы жағдайында мұндай жағдайлар үйреншікті құбылысқа айналды. Әрбір науқас дәрігермен кеңесіп, бактериялық инфекцияны анықтау үшін тест тапсыра бермейді. Вирустарды микробқа қарсы препараттармен емдеуге болмайды, салдарынан бактериялардың антибиотиктерге төзімділігі дамиды. Бұл өз тарапынан адамзаттың аурудың неғұрлым күрделі түрлерін емдеу үшін қажет тиімді дәрі-дәрмектерсіз қалуына әкеледі.

Естеріңізге сала кетейік, егер пациенттерде препаратты қабылдағаннан кейін жағымсыз әсер пайда болған жағдайда, ДЗСҰО www.ndda.kz сайтында жағымсыз реакция немесе сол препараттың тиімсіздігі туралы сары карта-хабарламаны толтыру қажет. Барлық карта-хабарламалар сараптама жасау ұйымына келіп түседі, онда олар мұқият талданады. Талдау нәтижелері бойынша реттеуші орган дәрілік заттың сериясын немесе бүкіл тіркеу куәлігін тоқтата тұру туралы шешім қабылдайды.