ДЗ мен МБ СҰО Қарағандыдағы Сынақ зертханасы ДДСҰ қайта квалификациялау мәртебесін растады

22.02.2024

Қарағанды қаласындағы «Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сараптау ұлттық орталығы» бөлімшесінің Сынақ зертханасы 2024 жылғы 19-21 ақпан аралығында Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының қайта квалификациялау сынынан сәтті өтті.

ДДСҰ инспекторлары өнім үлгілерінің қозғалысына, стандартты үлгілермен және реактивтермен жұмыс істеуге қатысты зертхана қызметін тиянақты тексерді, зертханаға келіп түсуінен бастап, жойылуына дейінгі  сапаны бағалау бойынша үлгілерді сынақтан өткізуге қатысты құжаттама толық зерттелді, сондай-ақ компьютерленген жүйелерді валидациялау мәртебесі, барлық зертханалық жабдықтың метрологиялық аттестациясы мен квалификациясы тексерілді.

Инспекторлар менеджмент жүйесінің құжаттарын бағалауға, жаңа құжатталған рәсімдерді енгізуге, басшылық тарапынан жасалатын жалпы жақсарту, талдау шараларына және GPPQCL/WHO стандартының басқа талаптарына ерекше назар аударды.

Қорытынды мәжілісте бас инспектор Ивета Стрейпа Қарағанды қаласындағы бөлімшенің физика-химиялық бөлімі бойынша Сынақ зертханасын қайта квалификациялау мәртебесінің қайтадан расталғанын және GPPQCL/WHO «ДДСҰ техникалық баяндамалар сериясы, №957, 2010. 1 қосымша: Фармацевтикалық өнім сапасын бақылауды жүзеге асыратын зертханалар үшін ДДСҰ тиісті тәжірибелері» талаптарына сәйкес келетінін мәлімдеді.

Өз кезегінде бірлескен инспектор Тибор Коса Қарағанды Сынақ зертханасының барлық қызметкерлер құрамының жоғары кәсіби шеберлігін және біліктілігін атап өтті.

Бөлім басшысының міндетін атқарушы Надежда Архипова ДДСҰ инспекторларына алғысын білдіріп, мәртебенің табысты расталуы, атап айтқанда, PQM+ кеңесшілерінің бірлескен іс-қимылы мен барлық қызметкерлердің қажырлы еңбегі арқасында мүмкін болғанын, нәтижесінде зертхананың менеджмент жүйесі бойынша жаңа құжатталған рәсімдерді енгізуде жоғары деңгейге жеткенін және іс жүзінде ауқымды тәжірибе жинақтағанын қоса атап өтті.

Инспекция қорытындылары бойынша жасалған есеп ДДСҰ бас кеңсесіне жіберіледі, одан кейін қайта квалификациялау мәртебесінің расталуы туралы ақпарат ресми ресурста орналастырылады.