ДЗСҰО-да Индонезияның Азық-түлік және дәрі-дәрмектерді бақылау басқармасының сарапшыларымен Өзара түсіністік туралы меморандум аясында Іс-шаралар жоспары талқыланды

11.09.2020

ҚР ДСМ Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитетінің Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сараптау ұлттық орталығында онлайн режимде Индонезияның Азық-түлік және дәрі-дәрмектерді бақылау басқармасының өкілдерімен кездесу өтті. Кездесу Қазақстандағы Индонезия Республикасының Елшісі Рахмат Прамоно мырзаның бастамасымен өтті.

Кездесу барысында тараптар Іс-шаралар жоспарын, сондай-ақ 2016 жылы жасалған Өзара түсіністік туралы меморандум аясында биылғы жылға арналған жоспарды іске асыру бойынша ұсынылатын міндеттерді талқылады. 

- Іс-шаралар жоспарын бекіту бойынша біздің бірлескен күш-жігеріміз бүкіл әлемдік қауымдастық тап болған COVID-19 пандемиясы уақытында өте өзекті болып отыр. Іс-шаралар жоспары бізге пандемиямен күресте бірлесіп жұмыс істеуге мүмкіндік береді. Біз индонезиялық фармацевтикалық компанияларды Қазақстан нарығын сапалы дәрі-дәрмектермен қамтамасыз етуге тек сауда арқылы ғана емес, сондай-ақ тікелей инвестициялар тарту арқылы да өз үлесін қосуға шақырғымыз келеді. Екі елдің игілігі үшін мұндай жоспар біздің бірлескен күш-жігерімізді іске асыруға көмектеседі деп үміттенемін, – деді Қазақстандағы Индонезия Республикасының Елшісі Рахмат Прамоно мырза.

Іс-шаралар жоспарын талқылау шеңберінде тараптар бірнеше бағыттарда ынтымақтастық орнатуға ниет білдірді. Атап айтсақ, дәрілік заттар айналымы саласындағы заңнама мәселелері бойынша ақпараттық-консультациялық қолдау көрсету, фармакологиялық қадағалау, дәрілік заттардың тіркеу деректерін сараптау мәселелері бойынша екіжақты кеңестер өткізу, дәрілік бұйымдарды реттеу және дәрілік заттар айналымы саласындағы өзекті мәселелер бойынша бірлескен семинарлар, тренингтер, ғылыми-практикалық конференциялар өткізу, тараптардың сарапшылары үшін тағылымдамалар ұйымдастыру.

Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сараптау ұлттық орталығының бас директоры Ерік Байжүнісовтың айтуынша, іс-шаралар жоспарының шарттары қазақстандық және индонезиялық сарапшылар арасында тұрақты негізде тәжірибе, әзірлемелер және маңызды ақпарат алмасуды көздейді, бұл дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың сараптау сапасын арттыруға сөзсіз көмектеседі.

Онлайн-кездесу соңында тараптар іс-шаралар жоспарын мақұлдады және оны бірлесіп табысты іске асыруда жемісті жұмыстар атқарылатынына сенім білдірді.

Еске сала кетейік, ДЗСҰО мен Индонезия Республикасының Дәрілік және азық-түліктік бақылау агенттігі арасында Өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылған болатын. Ол екі ел арасындағы тығыз ынтымақтастықтың бастауы болды.