ДЗСҰО-да сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс-қызмет жүйесін құру жұмысы басталды

10.03.2021

Өткен жылдың қазан айында ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Заңына қол қойды.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың маңызды мәселелерінің бірі Қазақстанда комплаенсті дамыту және жылжыту болып табылады. Осыған байланысты, Заңда квазимемлекеттік сектор субъектілерінде коррупцияға қарсы комплаенс-қызметтерін құру көзделген. Заңға сәйкес, квазимемлекеттік кәсіпорындарда ұйым қызметкерлері тарапынан ар-ождан және этикалық мінез-құлықтың корпоративтік стандарттарының қадағалануына жауапты тұлғалар, сондай-ақ оларды бақылаушы агенттер тағайындалатын болады.   
Осы жайттар және Дәрілік заттар мен медициналық ұйымдар сараптау ұлттық орталығында сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға қатысты басқа іс-шаралар туралы ДЗСҰО Корпоративтік және ақпараттық қауіпсіздік бөлімінің басшысы Асқар Майшин әңгімелейді.     

- Сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс-қызмет қандай сипатта болады?
- Сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс жүйесі – ұйымдарда сыбайлас жемқорлыққа жол бермеу және оның алдын алудың тиімді құралдарының бірі болып табылады.  Сонымен қатар, оның ерекше зейін қоюды, уақыт бөлуді және жоспарлы түрде енгізуді талап ететін күрделі және кешенді жоба екенін атап өтуге болады. Осы тұрғыда аталған жүйені қалыптастыру бойынша бірыңғай шарттар мен талаптар жоқ.
Квазимемлекеттік ұйымдар сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс саласындағы бақылау жүйесін ұйымдастыру бойынша әртүрлі халықаралық стандарттарды және әдістемелік нұсқауларды бағдарға ала алады.
Бұдан бөлек, көптеген сарапшылардың пікірін сараласақ, Халықаралық стандарттау жөніндегі ұйым әзірлеген «Парақорлықпен күрес менеджменті жүйесі» ISO 370001 халықаралық стандарты сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенстің тиімді жүйесін әзірлеуге және енгізуге көмектеседі.

- ISO стандартына сүйеніп, сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенсті қандай үлгіде құруға болады?
- ISO 370001 стандарты 2016 жылғы қарашада жарияланды. Осы стандарт  4 жылдан аса уақыт әзірленді. ISO 370001 стандартын іске қосуға 44 елден 80-нен астам сарапшы атсалысты. Стандартты қалыптастыру барысында үздік дүниежүзілік сыбайлас жемқорлыққа қарсы практикалар пайдаланылды.   
ISO стандартында мазмұндалатын әдістер сыбайлас жемқорлық көрінісінің әр алуан түрлерімен тиімді күресуге мүмкіндік бере алады. Осы әдістерді мамандар құрамына және қызмет ауқымына қарамастан кез келген меншік түріндегі ұйымда енгізуге болады.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы стандартты өзінде қамтитын маңызды элементтерді ерекшелеуге болады.
Біріншіден, стандартта сыбайлас жемқорлық қауіптеріне бағалау жүргізу, бақылау, бақылаушы агенттерді тексеру, бақылау рәсімдерін енгізу, мүдделер қақтығысын реттеу, сондай-ақ ішкі аудит өткізу жөніндегі кеңестер баяндалады.
Бұдан бөлек, осы стандартта сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс жүйесінің шешуші элементтерінің бірі - «жоғарыдан екпін» қағидасына баса мән берілген. Егер қысқаша айтсақ, бұл қағида жоғарғы басшылықтың өзінің сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс жүйесін жүзеге асыруға белсенді қатысуын білдіреді.
Сонымен қатар, нұсқаулық ретінде ұйымда қызметкерлер тарапынан сыбайлас жемқорлық пен этикаға жатпайтын мінез-құлық орын алуы мүмкін мысалдар туралы ақпарат беру арналарын енгізу жөнінде ережелер жазылған. Сыбайлас жемқорлыққа қатысты тергеу және шаралар қабылдау рәсімдерімен де танысуға болады.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы стандарттың осы және өзге элементтерінің бәрі ұйымдарда тиімді комплаенс-қызметтерін қалыптастыруға елеулі ықпалын тигізеді.
2019 жылғы тамызда біздің бірқатар қызметкерлеріміз ISO 3700001 стандарты бойынша оқудан өтті.

- ДЗСҰО-да комплаенс-қызметті қалыптастыруға қатысты қандай жұмыс жүргізілуде?
- Қазіргі таңда Кәсіпорынның сыбайлас жемқорлыққа қарсы жаңа саясаты жолға қойылуда, онда Корпоративтік және ақпараттық қауіпсіздік бөлімінің Кәсіпорында сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенсті жүзеге асыру және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-шаралар өткізу мақсатын көздейтін өкілеттіктер қатары жазып көрсетілген.

- Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың алдыңғы құжатталған рәсімі мен жаңа әзірленген рәсім несімен өзара ерекшеленеді?
- Жаңа рәсімде КАҚБ ұжымына сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс және мүдделер қақтығысын реттеу бойынша бірқатар іс-шаралар жүктеледі. 2020 жылғы 31 желтоқсанда Қазақстан Республикасы Сыбайлас  жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі тарапынан квазимемлекеттік сектор субъектілеріне сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс институтын ұйымдастыру бойынша әдістемелік нұсқаулар берілді, өзгерістер соның негізінде енгізілді. Кәсіпорында сыбайлас жемқорлыққа қарсы әс-қимыл бойынша жүргізіліп жатқан жұмыс «ашық» бола түскендіктен, жаңа рәсімге сәйкес атқарылған жұмыс жөніндегі нәтижелердің жариялануынан тыс, Кәсіпорын тұрақты негізде Орталықтың ресми сайтында дөңгелек үстелдердің өткізілуі жөнінде жарияланымдар орналастыру арқылы өз бақылаушы агенттерін, өтінім берушілерді, азаматтық қоғам институттарын хабарландырып отырады. Қоғамдық бақылауды күшейту де ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің бастамасы болды.
Оның үстіне, жаңа рәсімде бизнес және азаматтық қоғам өкілдерін қатыстырумен сыбайлас жемқорлық қауіптеріне ішкі талдау жасау көзделеді.  

- ДЗСҰО-да сыбайлас жемқорлық қауіптерінің алдын алу бойынша қандай іс-шаралар өткізілді?
- Осыған дейін мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев сыбайлас жемқорлықпен күресу - елдің стратегиялық даму басымдылықтарының бірі екеніне екпінді назар аударған болатын. Президент сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің барлық бағыттарына жаңа серпін беру қажет екенін атап өтті.
Тек 2020 жылдың өзінде ДЗСҰО қауіпсіздік пен сапаны бағалау мәселелері жөніндегі комиссияның 11 мәжілісін өткізді, онда корпоративтік және ақпараттық қауіпсіздік бөлімі әдістемелік және кеңес беру жұмысының тәжірибесімен бөлісті.
Сонымен қатар, сыбайлас жемқорлыққа қарсы ҚР заңнамасы саласындағы өзгерістермен таныстыру шеңберінде  ДЗСҰО бас кеңсесі мен аумақтық бөлімшелерінің қызметкерлері үшін ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Нұр-Сұлтан қ. бойынша департаментінің басшысы орынбасарының қатысуымен дәрістер өткізілді. Жыл ішінде осындай кездесулер Ұлттық орталықта бірнеше дүркін өткізілді.
Сыбайлас жемқорлық қауіптерін ішкі талдау екі мәрте өткізілді, оның шеңберінде шамамен 18 ұсыным берілді, сондай-ақ корпоративтік және ақпараттық қауіпсіздік бөлімі ДЗСҰО қызметкерлерінің арасында сауалнама жүргізді және олардың нәтижелерін талқылады. 2021-2022 жж. арналған Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жоспарында қосымша іс-шаралар өткізу қамтылды.

-  Ұлттық орталықта сыбайлас жемқорлық деректері анықталған жағдайда қайда хабарласуға болады?
- Мүдделер қақтығысы туындағанда және сыбайлас жемқорлық деректері бойынша ақпаратты anticor@dari.kz. электронды поштасына жолдауға болады.