ДЗСҰО-да жұмыс орындарында еңбекті қорғау мен қауіпсіздік техникасын сақтаудың маңыздылығы туралы айтылды

12.12.2019

     "Еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау" тақырыбына арналған дәрісті ДЗСҰО-ның әкімшілік департаментінің маманы Гүлнара Орақбаева жүргізіп, Кәсіпорын қызметкерлеріне еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау саласындағы қызметкер мен жұмыс берушінің құқықтары мен міндеттері, қауіпсіздік техникасын сақтау қажеттілігі туралы айтып берді. Сондай-ақ кездесуге қатысушыларды қызықтырған  сұрақтарға  жауап қайтарды.

     – Қазақстанда жыл сайын шамамен бір жарым мың адам жұмыс орындарында жарақат алатын болса, 2018 жылы соңы өлімге әкелген қайғылы оқиғалардың саны  200-ден асқан - дейді Гүлнар Орақбаева. Әрине, көңіл көншітерлік статистика емес. Мұндай оқиғалардың көпшілігі қызметкерлердің  өз құқықтары мен міндеттері туралы толық білмеуінен, ең бастысы қауіпсіздік шараларын сақтамауынан орын алуда.

     Сондай-ақ, өндірістегі жазатайым оқиғалардың  орын алуына негізгі себептер - қауіпсіз еңбек жағдайларын жасамау, жеке және ұжымдық қорғану құралдарымен қамтамасыз етпеу, қызметкерлерді қауіпсіз еңбек тәсілдеріне оқытпау – дейді мамандар.

     Өндірістік жарақаттанудың алдын алу - кез келген кәсіпорын үшін  еңбекті қорғауды басқару жүйесінің ажырамас бөлігі. Бұл мәселе ДЗСҰО-да қатаң бақылауға алынған. Өйткені, кәсіпорын қызметкерлері кеңселерде ғана емес, сондай-ақ дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың сынақтары мен сараптамасын жүргізетін зертханаларда жұмыс істейді, сондай-ақ өндірістік алаңдарда болады. Бұның да өзіндік қаупі бар. Ал қызметкерлерді ақпараттандыру және оқыту еңбекті қорғау, олардың өрт қауіпсіздігі саласындағы білім деңгейін арттыруға ықпал етеді, тек жұмыс берушінің ғана емес, сонымен қатар қызметкердің жауапкершілігін арттырады

Баспасөз қызметі