ДЗСҰО жанынан ашылған Ғылыми-білім беру орталығы өз жұмысын бастады

21.09.2020
ҚР ДСМ ТКҚС мен ҚБК «Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сараптау ұлттық орталығы» ШЖҚ РМК Алматы қаласындағы аймақтық филиалының жанынан ашылған Ғылыми-білім беру орталығы өз жұмысын бастады.
 
Орталықты медицина ғылымдарының докторы, профессор, ҚР ҰҒА академигі, Клиникалық фармакологтар мен фармацевттердің кәсіби қауымдастығының президенті, Еуропалық клиникалық фармакологтар мен терапевтер қауымдастығының мүшесі Раиса Күзденбаева басқарды.
 
Орталықтың негізгі міндеті - консультациялық қызмет көрсету, оқыту іс-шаралары мен білім беру бағдарламаларын өткізу.
 
«Ғылыми-білім беру орталығы өте қажет және бұл уақтылы қабылданған шешім. Дәрілік заттарды, медициналық бұйымдарды тіркеу немесе фармакологиялық қадағалауға қатысты сұрақтар туындап жатса, қажетті ақпаратты білікті мамандардан алған маңызды. Жаңадан құрылған Ғылыми-білім беру орталығы оқыту семинарларын өткізу, ақпараттық қолдау көрсету үшін көп мүмкіндік береді, сондай-ақ кез келген ұйымдағы маңызды ресурс – кадрлардың  үздіксіз кәсіби дамуына ықпал ететін болады», - деді Раиса Күзденбаева.
 
Орталық Қазақстан Республикасында белгіленген ережелер бойынша дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың сараптамасына, баға белгілеу мәселесіне, ЕАЭО-дағы медициналық бұйымдардың ортақ нарығының құқықтық негіздеріне, ЕАЭО-дағы медициналық бұйымдарды тіркеу және сараптау мәселелеріне, ЕАЭО аумағындағы дәрілік заттардың сараптамасына, дәрілік заттардың сапасы мен фармакопеялық стандарттарды пайдалану қағидаларына, дәрілік заттарды фармакологиялық қадағалау және медициналық бұйымдардың жағымсыз әсеріне мониторинг жүргізу, ҚР және ЕАЭО рәсімдері бойынша медициналық препараттар мен медициналық бұйымдарды өндірушілерді инспекция жасау мәселелеріне арналған оқыту семинарларын өткізуді жоспарлап отыр