ДЗСҰО жанындағы Ғылыми-білім беру орталығында дәрілік заттардың бағасын белгілеу бойынша алғашқы семинар өтті

21.09.2020

Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сараптау ұлттық орталығының Алматы қаласы бойынша аумақтық филиалы жанындағы Ғылыми-білім беру орталығында «Көтерме және бөлшек саудада сату үшін дәрілік заттардың шекті бағасын қалыптастыру және есептеу» тақырыбында алғашқы оқыту семинары өтті.

Семинарға фармацевтикалық бизнес өкілдері: дәрілік заттарды өндірушілер, дистрибьютерлер, өтініш берушілер, сондай-ақ Қазақстан Республикасында дәрілік заттардың баға белгілеу процесін зерделеуге мүдделі азаматтар қатысты.

Семинарды ДЗСҰО бас директорының орынбасары Ержан Жүнісов және ДЗСҰО референттік баға белгілеу басқармасының басшысы Әсел Жанатбекова өткізді.

Семинарда қатысушылар үшін дәрілік заттарға баға белгілеу саясатының негізгі түрлері бойынша, жекелеген референтті елдерде көтерме және бөлшек үстеме бағаларды қалыптастыру бойынша халықаралық тәжірибеге шолу жүргізілді. Сондай-ақ, спикерлер «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» ҚР Кодексіне, ҚР Денсаулық сақтау министрінің м.а. «Дәрілік заттардың бағаларын реттеу қағидаларын бекіту туралы» бұйрығына сәйкес дәрілік заттардың шекті бағаларын реттеудің негізгі мәселелеріне толығырақ тоқталды. Семинарға қатысушыларға көтерме және бөлшек саудада сату үшін шекті баға қалыптастыру схемалары, шетелдік және отандық өндірушілердің көтерме және бөлшек саудада сату үшін дәрілік заттардың бағаларын тіркеу қағидалары түсіндірілді, сондай-ақ «Референттік баға белгілеу» порталында өтінім беру кезіндегі жұмыс кезеңдері, жеке кабинетте жұмыс істеу қағидалары, электрондық форматта өтінішті дұрыс беру қағидалары, шетелдік және отандық өндірушілер үшін қоса берілетін құжаттардың тізбесі көрсетілді.

Ержан Жүнісовтың айтуынша, дәрілік заттар мен медициналық бұйымдар нарығы бүгінгі күні баға белгілеу тұрғысынан күрделі процестердің бірі болып саналады. Күн сайын фармөндірушілерден ДЗСҰО-на медициналық препараттарға шекті бағаларды қалыптастыру мәселелері бойынша сұрақтар келіп түседі. Мұндай семинарларды өткізу дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың бағасын белгілеу саласындағы өзекті ақпаратпен өзара алмасу үшін жақсы алаң болып табылады.

Сондай-ақ, семинар барысында фармбизнес өкілдері өз сұрақтарын қойып, оларға жауап алу мүмкіндігіне ие болды. Семинар соңында барлық қатысушыларға сертификаттар табысталды.