Ғылыми білім беру орталығында фармакологиялық қадағалау жөніндегі оқыту семинарларының циклы өткізілді

26.11.2020

Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сараптау ұлттық орталығының Алматы қаласындағы аумақтық филиалы жанындағы Ғылыми білім беру орталығында фармакологиялық қадағалау жөніндегі оқыту семинарлары өткізілді. 

Семинарларда спикер қызметін ДЗСҰО Фармакологиялық қадағалау  және медициналық бұйымдардың қауіпсіздігін, тиімділігін және сапасын мониторингтеу департаментінің басшысы Мәлік Абдрахманов атқарды.   

Үш күндік семинар шеңберінде фармакологиялық қадағалау жүргізу және Қазақстан Республикасында тіркелген медициналық бұйымдардың қауіпсіздігін мониторингтеу тәртібі туралы мәселелер қарастырылды.    

Бұдан бөлек, спикер дәрілік препараттарды қолдану кезіндегі жағымсыз реакцияларды анықтау, талдау, бағалау және болдырмау мәселелерін реттейтін нормативтік-құқықтық базаға қысқаша шолу жасады.

Семинарға дәрілік заттардың өндірушілері, фармакологиялық нарық өкілдері, өтінім берушілер, Қазақстандағы фармакологиялық қадағалау үдерісін зерттеуге мүдделі тұлғалар қатысты.      

Оқудың бірінші күнінде сапа жүйесіне, деректер қорына, операциялық рәсімдер стандарттарына және мастер-файлдарға қатысты мәселелер талқыланды.

«Сапа жүйесі ресурстарды талапқа сай басқаруды, нормативтік талаптарға сәйкестік бақылауын және құжаттаманы басқаруды қамтамасыз етуге бағытталған фармакологиялық қадағалаудың ажырамайтын бөлігі болып табылады. Сапа жүйесі өзінде фармакологиялық қадағалау жүйесінің ұйымдық құрылымын, жауапкершілік саласын, рәсімдерін, үдерістерін және ресурстарын қамтиды», - деп атап өтті Мәлік Абдрахманов. 

Семинар қатысушыларына сапа жүйесінде жүйені құру және үдерістерді жоспарлау, тиімділікті бақылау және бағалау, сонымен қатар фармакологиялық қадағалау жүйесіндегі үдерістерді түзету және жақсарту көзделетіні түсіндірілді. 

Цикл барысында семинарға қатысушылар қызықтыратын сұрақтарының бәріне жауаптар алды. Атап айтқанда, қатысушыларда реттеуші органдармен өзара байланыс, хабарламалармен жұмыс істеу, себеп-салдарлы байланысты бағалау, мониторингтеу нәтижелері және т.б. туралы сауалдар туындады.     

Фармакологиялық нарық өкілдері фармакологиялық қадағалау саласындағы өзекті білімдер қайнарынан сусындау мүмкіндігіне ие болды.

Семинар аяқталғанда қатысушылардың бәріне оқытудан өткені туралы сертификаттар тапсырылды.