Ғылыми-білім беру орталығында фармакологиялық қадағалауды реттеу мәселелері бойынша семинар өтті

18.10.2020

 

ДЗСҰО-ның Ғылыми-білім беру орталығында фармакологиялық қадағалау саласындағы реттеу мәселелері бойынша практикалық оқыту семинары өтті.

Семинарды фармакологиялық қадағалау және медициналық бұйымдардың қауіпсіздігін, тиімділігі мен сапасын мониторлау департаментінің басшысы Мәлік Әбдірахманов өткізді.

Семинарға дәрілік заттарды өндірушілер, өтініш берушілер, фармакологиялық қадағалау процесін зерттеуге мүдделі тұлғалар қатысты.

Семинар барысында дәрілік заттарды фармакологиялық қадағалаудың негізгі ережелері, пайда мен қауіп арақатынасына интеграцияланған талдау жүргізу бойынша практикалық ұсынымдар, фармакологиялық қадағалау процесін жүзеге асыратын инспекторларға қойылатын талаптар, фармакологиялық қадағалауды жүргізу кезеңдері, қорытындылар мен ұсынымдар беру сұрақтары қаралды.

Фармакологиялық қадағалау - денсаулық сақтау саласының маңызды бөлігі, ол препараттар қауіпсіздігі саласындағы бірқатар проблемаларды бағалауға және алдын алуға мүмкіндік береді, және де дәрілік препараттармен байланысты жағымсыз реакцияларды анықтайтын ғылыми зерттеулер.

Фармакологиялық қадағалау процесі дәрілік затты өндіру кезеңінен басталып, оның бүкіл өмірлік циклі бойында жалғасады.

Спикер ҚР-да GVP бойынша инспекция жүргізу мәселесіне ерекше назар аударды.

«Қазақстанда фармакологиялық қадағалаудың тиісті тәжірибесінің (GVP) стандарты ҚР заңнамасын халықаралық талаптармен үйлестіру мақсатында әзірленді. Стандарттың мақсаты - нұсқаулық шеңберінде тіркелген дәрілік препараттарды пайдалану кезінде туындайтын жағымсыз реакциялардан болатын зиянды болдырмау, сондай-ақ пациенттер мен медицина қызметкерлерін препараттардың қауіпсіздігі туралы уақтылы хабардар ету арқылы дәрілік препараттарды қауіпсіз және тиімді пайдалануға жәрдемдесу», - деді Мәлік Әбдірахманов.

Семинарға қатысушылар оқыту тренингінің ұйымдастырылуы мен тиімділігін жоғары бағалады. Сондай-ақ, мұндай алаңдар фармацевтика саласынының өкілдеріне өздерінің қызықтыратын сұрақтарына сарапшылардан толыққанды жауаптар алуға мүмкіндік беретінін атап өтті.

Семинар соңында қатысушыларға сертификаттар табысталды.