Индонезия делегациясы жұмыс сапарымен ДЗСҰО-да болды

19.12.2019

     Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сараптау ұлттық орталығына (ДЗСҰО) Индонезиядағы ең ірі "Dexa-Medica" фармацевтикалық компаниясының және отандық медициналық өнім өндірушінің "Dolce" өкілдері жұмыс сапарымен келді.

     Сапар мақсаты референттік мемлекет аумағында дәрілік препараттарды тіркеу және сараптама жүргізу, сондай-ақ Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО) шеңберінде дәрілік заттың тіркеу куәлігін алу мәселелерін талқылау болды.

     Индонезиялық тарап құрамында  "Dexa-Medica" Hoi Pit компаниясының экспорт жөніндегі директоры, стратегиялық реттеу мәселелері жөніндегі бас кеңесшісі Rakesh Kumar, сондай-ақ "Dolce" компаниясының өкілдері: Басқарма төрағасы Сәуле Мәкішева, коммерциялық директор Баян Демеуова, сатып алу бөлімінің басшысы Әмина Арыстанбек және "Dolce Group" стратегиялық маркетингінің басшысы Елена Ан болды.

     Қазақстан тарапынан кездесуге ДЗСҰО бас директоры Арнұр Нұртаев, Бас директордың дәрілік заттар жөніндегі орынбасары Айжамал Батралиева, Бас директордың медициналық бұйымдар жөніндегі орынбасары Әділ Ысқақ, Дәрілік заттарды мамандандырылған сараптау департаментінің басшысы Ғалия Жансарина және Заңнаманы үйлестіру және стратегия басқармасының басшысы Дәулет Сабденалиев қатысты.

     ДЗСҰО бас директоры Арнұр Нұртаев Ұлттық орталықтың қызметі туралы айтып, сондай-ақ Индонезиялық делегацияны дәрілік заттарды сараптаудың қазақстандық жүйесімен  таныстырды.

     Сонымен қатар, қазақстандық сарапшылар ЕАЭО шеңберінде дәрілік препараттарға сараптама жүргізу процедурасы бойынша сұрақтарға егжей-тегжейлі жауап берді, өтініш берушілерге қойылатын талаптар мен ережелерге түсініктеме берді.

     Бүгінгі таңда Қазақстан шетелдік және отандық фармөндірушілерден референттік мемлекет ретінде дәрілік заттарға сараптама жүргізуге 40-тан астам өтінім қабылдағанын естеріңізге салып өтеміз.           

Баспасөз қызметі