Қазақстан нарығындағы дәрі-дәрмектің сапасын ДЗҰСО жанынан құрылған арнайы комиссия бақылайды

24.08.2020

 

Еліміздегі дәрілік препараттар  мен медициналық бұйымдардың сапасы мен қауіпсіздігін тәуелсіз сарапшылардан тұратын арнайы  комиссия бақылайтын болады, ал оның құрамына танымал отандық мамандар кіреді.

      Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сараптау ұлттық орталығы жанынан тәуелсіз сарапшылардан тұратын  комиссия құрылды. Төрағасы болып ҚР РҒА академигі, медицина ғылымдарының кандидаты, профессор, клиникалық фармаколог Күзденбаева Раиса Салмағамбетқызы сайланды. Комиссия құрамына Борис Карабельников, Александр Нерсесов, Александр Гуляев, Жаннат Сатыбалдиева, Павел Дерябин, Анар Тұрмұхамбетова, Екатерина Юхневич, Қорлан Итжанова сияқты жетекші ғалымдар, иммунолог, вирусолог, фармакологтар кірді.

     Тәуелсіз сарапшылар комиссиясын құрудағы  мақсат - дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды, сондай-ақ клиникалық зерттеу материалдарын сараптау  жұмысының  нәтижесі  объективті, тәуелсіз және келісімді болуын бақылау.

      Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сараптау барысында препараттардың  халық денсаулығына  қауіпсіздігі, сапасы мен тиімділігіне кешенді баға беріледі.  Бұл туралы ҚР «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы»  Кодексінде де айтылған.

       Дәрі-дәрмекке сараптама жасау кезінде даулы мәселелердің кездесетіні  белгілі, мұндайда  барынша адам денсаулығына  қауіпсіз шешім қабылдануы  қажет. Сондықтан комиссия сараптама жұмыстарының кез келген сатысында дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сараптау барысында туындаған келіспеушілікті, алқалы шешімді талап ететін басқа да мәселелерді қарайды.  Комиссия материалдарды зерттеп, жедел шешім қабылдау үшін ұсыныстар береді.

       «ДЗҰСО базасында тәуелсіз сарапшылардан тұратын жеке комиссия құру әбден пісіп-жетілген  мәселе екенін мойындау керек. Коронавирусқа қарсы  күрес аясында дәрі-дәрмекті  тіркеу, сараптама, зертханалық және клиникалық зерттеулерді жеңілдету үшін бірқатар шешім қабылданды. Нарыққа өте көп дәрі-дәрмек түсуде. Алдағы жылдары әкелінген препараттардың қауіпсіздігі мен сапасын мұқият бағалауымыз керек. Халықтың қауіпсіздігі осыған байланысты. Сондықтан,  біз  кез келген мәселені бірлесіп, ғалым-мамандардың, фармакология саласындағы мамандардың қатысуымен жедел шешуіміз тиіс»,- деді ДЗҰСО Бас директор -Басқарма төрағасы Ерік Байжүнісов.

     Тәуелсіз сарапшылар комиссиясының мүшелері де комиссияның уақытылы  құрылғанын,  оның перспективалық және халыққа өте пайдалы шешім екенін айтты. Енді маңызды және даулы мәселелерге қатысты алқалы шешім қабылдауға мүмкіндік болады. Сондай-ақ, басқа да бақылаушы медициналық құрылымдармен өзара байланыс жақсарады.