Қазақстанда «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» ҚР Заңының жаңа нормалары күшіне енді

10.11.2020

«Заң Мемлекет басшысының жедел-іздестіру қызметін немесе сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын лауазымды адамдардың арандатушылық әрекеттері үшін қатаң жауапкершілік белгілеу туралы тапсырмасын іске асыруға бағытталған», - делінген Ақорданың ресми сайтында.

Заңда мемлекеттік қызметшілер мен олардың отбасы мүшелеріне сыйға тартушының пайдасына жасаған әрекеттері үшін сыйлықтарға, материалдық сыйақыға және қызмет көрсетуге толық тыйым салынған.

Бұдан басқа, Заңда туыстардың бір ұйымдағы бірлескен жұмысының жекелеген мәселелерін реттеуге, сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар туралы хабардар етуге бағытталған нормалар көзделген.

Заңға сәйкес квазимемлекеттік сектор субъектілерінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс-қызметтердің функцияларын орындайтын құрылымдық бөлімшелер айқындалатыны туралы тармақ толықтырылды.

Олардың міндеті Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы заңнамасының сақталуын қамтамасыз ету болып табылады.

Бұған дейін Мемлекет басшысы сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес елдің стратегиялық даму басымдықтарының бірі болып табылатынын мәлімдеген болатын. Осы мақсатта Қазақстан ГРЕКО (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі мемлекеттер тобы) халықаралық ұйымына кірді, сондай-ақ қарамағындағылардың сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтары үшін басшыларды босату заңнамалық деңгейде енгізілді және сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне нормативтік-құқықтық актілерді сараптау бойынша жұмыс күшейтілді.

Заңның толық мәтінімен мына сілтеме бойынша танысуға болады:

https://online.zakon.kz/document/?doc_id=33478302