ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов Нұр-Сұлтан қаласында Зертханалық сынақ орталығын ашты

09.12.2019

            ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов ҚР Денсаулық сақтау саласын дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған "Денсаулық" мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру аясында дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарға сараптама жүргізетін зертханалық сынақ орталығын ашты.

            Зертханалық сынақ орталығының ашылу салтанатына ҚР ДСМ Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитетінің төрағасы Людмила Бюрабекова, ДЗСҰО Бас директоры Арнұр Нұртаев, Назарбаев Университетінің басшылығы, сондай-ақ Фармацевтика саласын дамыту жөніндегі агенттік директорының бірінші орынбасары Нозим Бердиев бастаған Өзбекстандық делегация қатысты.

             Салтанатты шараны ашу барысында  Елжан Біртанов ғылыми зерттеулер мен озық технологиялар трансфертін жүргізу орны, көптеген әлемдік компаниялар мен бизнес үшін тартылыс орталығына айналған  Назарбаев Университеті базасында Зертханалық сынақтар орталығын (ЗСО) құрудың маңыздылығына тоқталды.

            – Бүгін Назарбаев Университетінің қабырғасында зертханалық сынақтар орталығын аша отырып, біз Еуразиялық экономикалық кеңістік аумағында халықаралық стандарттарға сәйкес келетін заманауи бәсекелестік зертхана құрудамыз.  Орталықтың ашылуы Қазақстан аумағында контрафактілік немесе жалған медициналық өнімдерді болдырмау мақсатында дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың сапасын бақылауды жүзеге асыруға мүмкіндік береді, – деп атап өтті Министр. Бұдан басқа, Зертханалық сынақ орталығын ашу медициналық бұйымдарды  сынау әдістерін кеңейтуге, ЕАЭО мүше-мемлекеттердің сарапшы ұйымдары арасында көшбасшы атануға, ең бастысы қазақстандықтарды сапалы, қауіпсіз және тиімді дәрілік заттармен және медициналық бұйымдармен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

           Зертханалық сынақ орталығы 3 зертханадан тұрады: физико-химиялық, микробиологиялық және медициналық бұйымдарды сынау зертханасы. Жалпы ауданы 1500 шаршы метрден асады. Зертханалар дәрілік препараттар мен медициналық бұйымдардың сапасы мен қауіпсіздігін сараптау және бағалауға арналған  заманауи жабдықтардың жаңа 250 бірлігімен жабдықталған.

           Зертханалық сынақ орталығының мамандары жыл сайын 907 сынақ түрі бойынша дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың  7000-ға жуық зертханалық зерттеуін жүргізеді деп жоспарлануда. Келешекте аккредиттеу саласы 120-ға жуық медициналық өнімнің атауын, оның ішінде 21 дәрілік нысан мен 105 медициналық бұйымды қамтитын болады.

            Қазіргі уақытта Орталықта 32 маман жұмыс істейді: оның ішінде 4 қызметкердің ғылыми дәрежесі бар (1 ғылым кандидаты, 3 PhD), 12 қызметкер шетелде оқып, тағылымдамадан өтті, олардың екеуі "Болашақ" және "Назарбаев Университеті"бағдарламасының түлектері.

            Орталықтағы зертханаларды аралап көру  барысында іс-шараға қатысушылар дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды  сараптау және сынау процесіне үдерісіне куә болды. Сонымен, ЗСО мамандары таблеткаларды еріту процесін көрсетті, медициналық бұйым орамасының герметикалығы тексеріледі, офтальмология және басқа да медициналық бұйымдарға арналған хирургиялық инелердің сапасын тексеру жүзеге асырылды.