Назарбаев Университетінің Медицина мектебінде фармакологиялық қадағалау жүйесі туралы қонақ дәрісі өтті

06.02.2024

Назарбаев Университетінің Медицина мектебінің студенттері үшін «Фармакологиялық қадағалау дәрілік заттардың қауіпсіздігі мен тиімділігінің негізі ретінде» тақырыбында арнайы қонақ дәрісін Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сараптау ұлттық орталығының фармакологиялық қадағалау және медициналық бұйымдардың қауіпсіздігін, тиімділігі мен сапасын мониторингтеу департаментінің басшысы Мәлік Әбдірахманов өткізді.

Фармакологиялық қадағалау медицина ғылымы мен практикасында шешуші рөл атқарады, дәрілік заттар клиникалық тәжірибеге енгізілгеннен кейін оларға сенімді және жүйелі бақылауды қамтамасыз етеді. Фармакологиялық қадағалаудың негізгі аспектілері дәрі-дәрмекті қабылдаумен байланысты жағымсыз әсерді, жайғдайды, реакцияларды анықтау және талдау болып табылады. Дәріскер атап өткендей, бұл қызметтің маңыздылығын бағаламауға болмайды, өйткені ол қауіптерді азайтуға және пациенттердің  емдеу қауіпсіздігін арттыруға бағытталған.

1960 жылдардағы талидомид препаратын қолдану салдарынан деформациясы бар балалардың дүниеге келуі, тиімді фармакологиялық қадағалаудың қажеттілігін көрсетеді. Бұл жағдай бетбұрыс болды, содан кейін көптеген елдерде медициналық препараттардың қауіпсіздігі мен тиімділігіне қойылатын талаптар айтарлықтай күшейтілді.

1968 жылы құрылған Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының халықаралық дәрі-дәрмектерді бақылау бағдарламасы препараттардың қауіпсіздігі туралы деректерді жаһандық жинау мен талдауды қамтамасыз етуде жетекші рөл атқарады. Қазақстанның бұл бағдарламаға қатысуы 2008 жылдан бастап елдің дәрілік заттардың қауіпсіздігі мен сапасын бақылау саласындағы халықаралық стандарттарға бейілділігін көрсетеді. Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сараптау ұлттық орталығы - Қазақстандағы осы стандарттарды іске асыруды үйлестіруші. Әр елдегі фармакологиялық қадағалаудың ерекшелігі дәрілік заттарды өндірудегі, таратудағы және қолданудағы айырмашылықтармен, сондай-ақ генетиканың, және халық дәстүрлерінің ерекше аспектілерімен анықталады. Бұл халықаралық стандарттар мен тәжірибелерді жергілікті жағдайлар мен қажеттіліктерге бейімдеуді талап етеді. Мәлік Әбдірахманов атап өткендей, халықаралық ұйымдардан бастап ұлттық реттеуші органдар мен медицина мамандарына дейінгі барлық деңгейдегі ынтымақтастық осы маңызды саладағы жетістіктің негізгі факторлары болып табылады.

Фармакологиялық қадағалау, сонымен қатар, дәрі-дәрмектердің жағымсыз әсерін анықтау және алдын-алу үшін ғана емес, сонымен қатар дәрі-дәрмектерді ұтымды пайдалануды қамтамасыз ету, пациенттердің емделуге деген ұмтылысын жеңілдету және медицина ғылымы мен практикасына деген қоғамдық сенімді нығайту үшін қажет. Сонымен қатар, фармакологиялық қадағалаудың этикалық аспектісі медициналық қауымдастықтың пациенттерді дәрі-дәрмектерді қабылдаумен байланысты ықтимал қауіптер туралы хабардар ету жауапкершілігін көрсетеді.

Дәріскер студенттерге Қазақстандағы және әлемдегі фармакологиялық қадағалау рәсімдері туралы айтып, жағымсыз реакция туралы хабарлау процесін де, сондай-ақ уәкілетті орган қабылдайтын ықтимал шараларды қоса алғанда, осы ақпараттың одан арғы жолын да егжей-тегжейлі ашып көрсетті.

Дәріс соңында сұрақтар мен жауаптар сессиясы өтті, онда студенттер өздерін қызықтырған барлық сұрақтарын қоя алды.

Анықтама: Назарбаев Университетінің Медицина мектебі ресми түрде 2015 жылы Питтсбург Университетінің медицина мектебімен (UPSOM) серіктестікте құрылды және өзін Қазақстанның алғашқы интеграцияланған академиялық денсаулық сақтау жүйесінің академиялық орталығы ретінде көрсетеді.