Өзбекстанның Фармацевтикалық саланы дамыту агенттігі Дәрілік заттарды сараптау ұлттық орталығының жұмысымен танысты

06.12.2021

Өзбекстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі жанындағы Фармацевтикалық саланы дамыту агенттігінің төрағасы Сардор Кариев бастаған өкілдер Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сараптау ұлттық орталығында болды. Ұлттық орталыққа Агенттік өкілдері Өзбекстан Республикасының Президенті Шавкат Мирзиеевтің ел астанасына мемлекеттік сапары аясында келді. Орталық басшылығы Агенттік өкілдерін дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың айналысы саласындағы реттеуші органның қызметімен таныстырды. Орталықтың монополиялық функциялары, технологиялық жағынан байланысты қызмет түрлері және дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың өмірлік цикліне қатысу мәселелерімен толығырақ таныстырылды.

Осылайша, Дәрілік заттарды сараптау ұлттық орталығы мемлекеттік тіркеу, қайта тіркеу және тіркеу деректеріне өзгерістер енгізу кезінде дәрі-дәрмектер мен медициналық бұйымдарды сараптау, ҚР-да тіркелген медициналық өнімдердің сапасын бағалау, дәрі-дәрмектер мен медициналық бұйымдар қауіпсіздігінің пайда/қауіп арақатынасына мониторинг жүргізу және жыл сайынғы бағалау, дәрі-дәрмектер мен медициналық бұйымдарды клиникалық зерттеу материалдарына сараптама жүргізу сияқты монополиялық функцияларды көрсетеді. Технологиялық байланысты қызмет түрлеріне клиникаға дейінгі (клиникалық емес) зерттеулер, сондай-ақ дәрілердің биоэквиваленттілігіне сынақтардың биоаналитикалық бөлігін жүргізу, фармацевтикалық инспекция және медициналық бұйымдарды өндірушілер инспекциясы, референттік баға белгілеуді жүргізу, жарнамалық материалдарды бағалау, медициналық өнімдерді медициналық қолдану жөніндегі нұсқаулықтарды мемлекеттік тілге аудару және т. б. жатады.

Сондай-ақ, кездесу барысында Ұлттық орталықтың бас директоры Еркен Дәутбаев зертханалық жабдықталу және ДЗСҰО зертханалық қызметін дамыту жоспарлары туралы айтып берді.

«Мемлекет басшысының Жолдауында халықаралық стандарттар бойынша аккредиттелген медициналық бұйымдарды зертханалық және техникалық сынау орталығын құру басым міндеттердің бірі болып белгіленді. «Дені сау ұлт» ұлттық жобасы аясында зертханалар құрылысы жоспарланған, ДЗСҰО зертханасын жетілдіруді жоспарлап отырмыз", — деп атап өтті Е.Дәутбаев.

Бұдан басқа, орталық сарапшылары ЕАЭО шеңберінде дәрілік препараттар мен медициналық бұйымдарды тіркеуді жүргізу рәсімдері бойынша сұрақтарға жауап берді, өтініш берушілерге қойылатын талаптар мен қағидалар бойынша түсініктемелер берді.

Тараптар сондай-ақ дәрілік заттар мен медициналық бұйымдар айналымын реттеу мәселелері бойынша ынтымақтастық мүмкіндігін талқылады, проблемалық мәселелерді шешуде тәжірибе алмасты.