Сарапшы: Дәріні маманның тағайындауынсыз, нұсқаулықпен толық танысып алмай үстірт пайдалану пациенттің денсаулығына ғана емес, өміріне зор қатер төндіреді

19.12.2022

Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды медициналық қолдану жөніндегі нұсқаулықтардың аудармасы – тұтынушы үшін дәрілік препарат туралы маңызды ақпарат көзі. Медициналық нұсқаулықтарды мемлекеттік тілге аудару маманнан терең білімді, жоғары деңгейлі шеберлікті, сауаттылықты, медициналық сала болғандықтан нақтылық пен қатаң жауапкершілікті талап етеді.

Қазақстанда медициналық қолдану жөніндегі нұсқаулықтарды және елде тіркеуге ұсынылған дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың қаптама-макеттерін орыс тілінен қазақ тіліне аударуды, сондай-ақ дәрілік заттардың,  медициналық бұйымдардың барлық нұсқаулықтарының, қаптама мәтіндерінің аудармаларының түпнұсқалығына салыстырмалы сараптама жүргізуді белгіленген қағидаларға сәйкес Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сараптау ұлттық орталығының Аударма және тілдерді дамыту басқармасы жүзеге асырады.                                         

Аталған басқарманың үйлестіруші Салтанат Мысықбаева осы салаға он жылдан астам күрделі медициналық нұсқаулықтардың жоғары сапалы аудармасын қамтамасыз етіп келе жатқан кәсіби мамандардың бірі. Сапалы, уақытылы, нақты – Салтанат Мысықбаеваның еңбегін осылай сипаттауға болады. Ол медицина саласында 34 жылдан астам уақыт қызмет атқарып келе жатқан, мол кәсіби тәжірибе жинақтаған, жұмысына барынша берілген білікті маман.

 Бір айдың ішінде Салтанат Мысықбаева 1800-ден 2500-ге дейін парақты тексеріп, бекітуге жібереді. Ерен еңбектері үшін Қазақстан Республикасы Президентінің  «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігіне 30 жыл» медалімен марапатталды. Сонымен қатар, сарапшы ғылыми жобаларға, конференцияларға қатысып, аударма саласындағы біліктілін шыңдаумен әрқашан айналысады.

«Дәрілік заттарды сараптау ұлттық орталығына жыл сайын орта есеппен 110 мыңнан астам парақ мемлекеттік тілге аударылады және сәйкестік тұрғысынан тексеріледі. Оның 29 мыңға таяуы – нұсқаулықтар аудармасы» - дейді Салтанат Мысықбаева. Оның айтуынша, аударма бір тілде бірілген ақпаратты екінші бір тілге дәл, сонымен қатар сол ұлттың сөзжасам заңдылығы бойынша қайталап беретін тілдік өнер. Аударма барысында сөйлемдерді лексикалық және грамматикалық жағынан дұрыс түсініп аудару, ал бұл медициналық сала болғандықтан және аударма сапасына елдің денсаулығы тәуелді болса, екі есе жауапкершілік пен үлкен көңіл бөлуді талап ететін мәселе.

«Қазіргі таңда Ұлттық орталыққа тіркеуге дейінгі сараптамаға дәрі-дәрмектердің құжаттамасы екі түрлі мазмұнда келіп түседі. Бірі - дәрілік препаратты медициналық қолдану жөніндегі нұсқаулық, екіншісі - дәрілік препараттың жалпы сипаттамасы. Бірі пациент дәрі-дәрмекті жеке пайдалануы, танысуы үшін әзірленген. Ал, екіншісі емдеуші дәрігер ауруды емдеу барысында жетекшілікке алатын ауқымды медициналық ғылыми-зерттеу құжаты. Дүниежүзіндегі көптеген мемлекеттердің заңнамасында өз елдерінің аумағында дәрілік заттарды медициналық қолдану жөніндегі нұсқаулықсыз пайдалануға рұқсат етілмейді. Дәрілік препаратты дәрігердің тағайындауынсыз, нұсқаулықпен толық танысып алмай үстірт пайдалану пациенттің денсаулығына ғана емес, өміріне зор қатер төндіреді. Тап осы мәселе Қазақстанда да өзекті. Ұлттық орталыққа нарықтағы дәрілік өнімдердің заңдастырылған дерекнамалары орасан зор көлемде келіп түседі. Бұдан басқа, Басқарма дәрілер мен медициналық бұйымдар дерекнамасында көрсетілген барлық мәліметтерді, мысалы, анатомиялық-терапиялық-химиялық жіктеуін, халықаралық патенттелмеген атауын, дәрілік түрін, дәрілік препараттың құрамын, медициналық бұйым жиынтығын, қысқаша техникалық сипаттамасын, медициналық бұйымдар номенклатурасының кодтарын және дәрі-дәрмектер мен медициналық бұйымдарды сараптау барысында қолданылатын басқа деректерді тексерумен айналысады.

«Аударма кезінде аударма теориясының негізі мен тәжірибе барысында әртүрлі нақтылауды және дұрыс шешуді талап ететін мәселелермен біз күнделікті кездесеміз», - дейді маман.

Қазақстанда әрбір дәрілік заттың қазақ және орыс тілдерінде толық сипаттамасы болуы керек екені белгілі, өйткені ол пациентті препарат туралы: құрамы, шығарылу түрі, қолданылуы, қарсы көрсетілімдері, дозалау режимі, басқа дәрілермен өзара әрекеттесуі және т.б. жөнінде қажетті ақпаратпен таныстыратын маңызды құжат.

Салтанат Мысықбаеваның айтуынша, дәрілік нұсқаулық пациент үшін дұрыс қабылданған препараттың емдік әсермен қамтамасыз етуінің және оны денсаулығы мен өміріне төнетін қолайсыз зардаптардан сақтандыруының кепілі болып табылады. Сондықтан нұсқаулық мәтіні тек медициналық қызметкерге ғана емес, сондай-ақ әрбір пациентке түсінікті болу үшін оның аудармасы өте сапалы болуы тиіс. Өйткені, препараттың аңдатпа-мазмұнында қателік орын алған жағдайда пациенттердің өте көп ауқымы зардап шегуі мүмкін, өз кезегінде, бұл ұлттық қауіпсіздік мәселесі.

Дәрілік препараттар нұсқаулықтарының мазмұны препараттың өзін медициналық қолдану барысында өзгеруі мүмкін екенін еске саламыз. Себебі елімізде тіркелген дәрілік заттар бүкіл тіршілік айналымы бойына қауіпсіздік мониторингінен өткізіледі. Басқа препараттармен өзара әрекеттесуі кезінде бұрын нұсқаулықта көрсетілмеген жағымсыз реакциялар немесе емдік әсері анықталған жағдайда дер мезгілінде өзектілендіру үшін қолданыстағы нұсқаулықтарға өзгерістер енгізілуі тиіс.

Дәрі-дәрмектің нұсқаулығында көп ақпарат бар: босатылу түрі мен құрамы, фармакологиялық әсері, қолданылуы, дозалау жөніндегі ұсынымдар, емдеу курсының ұзақтығы, жағымсыз әсерлері, қолдану ерекшеліктері, басқа препараттармен өзара әрекеттесуі, сақтау шарттары мен жарамдылық мерзімі. Ал, осы баяндаулардың бірінен, бір саннан не мөлшерден, уақыт көрсетілімінен қате кетіп, не болмаса мағынасы дәл медициналық мәнінде аударылмай, олқылықтар орын алған жағдайда көптеген пациенттер зардап шегуі, денсаулықтарын одан әрі нашарлатып алуы, тіпті көз жұмып кетуі де мүмкін.

Дәрілік нұсқаулық негізінде пациент препаратты дұрыс қабылдаған жағдайда оң әсері болуы, денсаулық пен өмірге қауіп төндіретін жағымсыз әсерлердің алдын алуы, науқастың сауығуы, айығуы, қатарға қосылуы, тіршілігін жалғастыруы, өмірін сақтап қалуы кепілді. Нұсқаулықтарды аудару кезінде оның  мағынасы сипатталған дәріні қабылдайтын қарапайым азаматтарға түсінікті болуы тиіс екенін ескеру қажет. Бұл құжат арқылы өндіруші науқасқа белгіленген нормаларды сақтай отырып, препарат оның өмірі мен денсаулығы үшін қауіпсіз екенін және белгілі бір әсер беретінін кепіл етеді. «Нұсқаулық - пациент үшін препаратты дұрыс қабылдай білудің жадынамасы және кепілі. Осы денсаулық кредосының орындалуы үшін нұсқаулықтар мәтіндерінің аудармасы сапалы орындалуы маңызды. Осыдан-ақ біздің еңбегіміздің адамдардың салауатты өмір салтымен, халық денсаулығымен, ұлтымыздың  қауіпсіздігімен тығыз байланысты гумандық мазмұны көрінеді», - дейді сарапшы.